KZ
Өскемен
+24°
пасмурно жел 3 м/с, В
476.27 515.47 5.41

Студенттік құрылыс жасақтарының маусымы ашылды

27.04.2014, 18:00 151



Кеше Өскемен қаласындағы Амфитеатрда өткен студенттік құрылыс жасақтарының кезекті маусымының ашылу салтанаты болды. Биыл Қазақстан бойынша студенттік еңбек жасақтарының қатарына 12 мыңнан астам студент қабылданса, солардың әрбір оныншысы ШҚО-ға тиесілі екен, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Жоғарыда айтылған 12 мың дегеніміз - еліміз бойынша еңбек жасақтарына бөлінген квотаның саны. Ал студенттік құрылыс және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының қатарында болуға ниет білдіргендердің саны бұдан бірнеше есе көп.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Жасыл ел» және құрылыс жасақтары студенттердің жазғы демалыс кезіндегі бос уақыттарын тиімді өткізуге септігін тигізетін бірден-бір ұйым болып табылады. Сондықтан олардың жоғары оқу орындары студенттерінің арасындағы беделін арттыру өте маңызды. Ал бұл үшін, әрине, өзгені айтпағанда қаржылық қолдау аса қажет. Облыстық «Жасыл ел» еңбек жасақтарының штаб директоры Қуаныш Қасенов студенттердің ең төменгі еңбекақысы 17 мың теңгені құрайтынын айтады.

- Жалпы, студенттеріміз түрлі нысандарда жұмыс істейтіндіктен, жұмыс берушілердің оларға төлейтін еңбекақысы да әркелкі болмақ. Қалай дегенде де, бірдебір студентіміздің маңдай тері өтеусіз қалмайды. Оған қоса, жасақтардың әрбір мүшесі қажетті бірыңғай формадағы киімкешекпен және ыстық тамақпен қамтамасыз етілмек. Жалпы, биыл Қазақстан бойынша жазғы еңбек маусымына қатысатын 12 мың студенттің 1200-і біздің облыстан шыққалы тұр. Бұл жөнінен еліміз бойынша көш бастап келе жатқанымызды мақтанышпен айта аламыз, - деген Қ.Қасенов биыл студенттік еңбек жасақтарының күші жұмылдырылатын ең ірі нысан - облыс орталығының Комсомол аралындағы болашақ жастар қалашығының құрылысы болатынын атап өтті. Бұл жұмысқа 150-ден астам студент атсалыспақ.

Тағы бір айта кетер жайт, былтыр Шығыс Қазақстанда еңбек жасақтарына 1700-ден астам студент мүше болып, олар облысымыздың жүзден аса құрылыс нысандарында табысты еңбек еткен. Олардың сол кездегі орташа еңбекақысы 35 мың теңгені құраған екен. Ал биыл жазғы демалыстарын өзіне де, өзгеге де тиімді етіп өткізуді мақсат еткен студенттердің материалдық жағдайына былтырғыдан да көп қаржы жұмсалмақ. Бұл туралы жаңа еңбек маусымының ашылуында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев айтты.

Қазақстан құрылыс жасақтарыҚазақстан құрылыс жасақтары

- Осыдан 55 жыл бұрын құрылған құрылыс жасақтарының қазіргі ел экономикасындағы, қоғамдық-саяси өміріндегі орны ерекше. Студенттік еңбек жасақтары қаншама аға-апайларыңыздың маман ретінде шыңдалуына, өмірлік тәжірибе жинақтап, жаңа таныстар мен достар табуына мүмкіндік берді. Енді бұл қызыққа толы жол сендерді де күтіп тұр. Өздеріңе жүктелген істі абыроймен атқарып шығуға күш жұмсаңдар. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» демекші, еліміздің гүлденуіне үлес қосуларыңа, Елбасы айтқандай, Қазақстанды жапырағы қурамайтын, тамыры суалмайтын мәңгілік жасыл елге айналдыруға бір адамдай атсалысыңдар, - деген ШҚО әкімі биыл студенттік еңбек жасақтары мен «Жасыл ел» жасақтарына 6 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінгенін атап өтті. Сонымен қатар, аймақ басшысы еңбек жасақтарына жұмылдырылған студенттердің қатарын әлі де көбейте түсу қажет екенін ерекше назарға алды.

Жаңа еңбек маусымының ашылу салтанатында сондай-ақ, өңірімізде студенттік құрылыс жасақтары саласында көршілес елдермен тәжірибе алмасу жағы да дұрыс жолға қойылғаны айтылды. Мысалы, Ресейдің Алтай аймағымен жасасқан меморандум аясында былтыр облысымызда Барнаулдың құрылыс жасақтары табысты еңбек еткен. Осы үрдісті үзбеу мақсатында биыл да бірнеше елдермен осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, меморандумдарға қол қою жоспарланған.

Жиын соңында былтыр үздік атанған бірнеше жоғары оқу орындары құрылыс жасақтарының еңбегі аталып өтіліп, олардың басшыларына облыс әкімінің мақтау қағаздары табыс етілді. Сонымен қатар, бұл күні шағын футболдан жарыс ұйымдастырылғанын да айта кеткен жөн.

Нұржан Кенжеұлы
сурет Есімхан Орынбаевтікі
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив