KZ
Өскемен
+24°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
441.66 475.14 4.86

Театрларды дамыту мәселесі жан-жақты талқыланды

11.02.2014, 18:00 221



Премьер-Министр Серік Ахметов Үкімет мәжілісін өткізіп, онда өңірлік театрларды дамыту мәселесі талқыланды. Үкімет мәжілісіне онлайн режимде ШҚО Әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед баяндама жасап, бірқатар өңірлік театрлардың басшылары театр өнерін өркендету жайында өз ойларын ортаға салды. Мәдениет және ақпарат министрі театр өнері саласында қордаланған мәселелер туралы Үкімет қабырғасында тұңғыш рет сөз қозғалып, барлық облыс әкімдерінің қатысуымен арнайы мәжіліс өтіп отырғанын ерекше атап айтты. Әлемдік театр өнерінің екі жарым мың жылдық тарихы бар. Адамзатпен бірге жасап келе жатқан осы өнер өзінің маңызын ешқашан жоймақ емес.

Министрдің айтуынша, қазіргі күні елімізде барлығы 53 театр бар. Олардың 9-ы республикалық, 44-і аймақтық театр. Қазақ және орыс театрларынан басқа, біздің елде корей, өзбек, ұйғыр, неміс театрлары да жұмыс істейді. Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед театр өнері саласындағы қордаланған мәселелерге ерекше тоқталып өтті. Ең алдымен, ғимарат мәселесі. Көптеген өңірлерде театр ғимараттары ескі. Тіпті, кейбір театрлар өткен ғасырдың отызыншы жылдары салынған құрылыс нысандарында отыр. Театр саласындағы екінші мәселе – арнайы құрал-жабдықтардың жетіспеуі. Бұл Астана мен Алматыдағы театрларда біршама шешімін тапқанымен, өңірдегі театрлар үшін өзекті күйінде қалуда. Үшінші мәселе – театрлардың репертуар саясаты. Әрине, түрлі театр басшыларының талғамы бір жерден шыға бермеуі мүмкін. Десе де биік өнердің деңгейін биікке көтеру үшін бұған жауапкершілікпен қараған абзал. Тұтастай алғанда, министрлік репертуарлық саясат мәселелерін шешуде театрларға әдістемелік және шығармашылық көмектер көрсетуге дайын.

Министр Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуынша, соңғы төрт жылда отандық театр-ларда 48397 спектакль қойылып, оны 8,5 млн. көрермен тамашалапты. Жаңа қойылым қою үшін қомақты қаржы қажет. Мысалы, республикалық театрларда бір спектакльді сахналау үшін ғана екі миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалатын болса, ал өңірлердегі театр-ларда бұл көрсеткіш тым аз. Алдағы уақытта екі республикалық, бір облыстық театрлардың репертуарлары министрліктің алқасында талқыланатын болады. Театрлар үшін өз қазанында ғана қайнамай, гастрольге шығу да маңызды. Мысалы, Астананың тап іргесіндегі Ақмола облыстық театры соңғы 17 жыл ішінде елордаға бірде-бір рет гастрольге шығып көрмеген екен. Әлемдік театр өнерінің озық туындыларын да насихаттауға көңіл бөлген жөн. Отандық театрлардың халықаралық фестивальдерге қатысуына да қаржы қарастырылуы тиіс.

Қазіргі күні ең төменгі жалақы – театр әртістерінікі. Театр майталмандары шамамен 30-40 мың теңгені қанағат тұтуға мәжбүр. Осы орайда Мұхтар Құл-Мұхаммед әкімдерден театр қызметкерлерінің ғана емес, жалпы мәдениет қызметкерлерінің жалақысын 1,7 немесе 2 көтерме коэффициенттерін пайдалану арқылы жергілікті бюджет есебінен арттыруды өтінді.

Министр театр саласы қызметкерлерін бас-панамен қамтамасыз ету жағын да назардан тыс қалдырған жоқ. Кейбір облыстарда көп жылдар бойы театр әртістеріне бірде-бір пәтер бөлінбеген. Ал Шығыс Қазақстан облысы бұл жағынан мақтауға лайық. Облыс басшысы жыл сайын театр майталмандарына екі-үштен пәтер бөліп келеді.

Театрларды режиссермен қамтамасыз ету мәселесі де әлі түпкілікті шешімін тапқан жоқ. Бүгінгі күні тоғыз өңірлік театр бас режиссерсіз жұмыс істеуде. «Өңірлерге барғысы келетін режиссерлер жоқ емес, бар. Бірақ оларға облыс басшылары тарапынан жағдай жасалуы тиіс» - деді министр.

Театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов мәдениет қайраткерлерін даярлайтын жоғары оқу орындарын Мәдениет және ақпарат министрлігінің басқаруына беру қажет деген ұсынысын жеткізді. Ал Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Күлия Айдарбекова өнер адамдарын марапаттап, мемлекеттік атақ беру мәселесіне лайықты көңіл бөлінсе деген тілегін айтты.

Мәжілісті қорытындылаған Премьер-Министр Серік Ахметов Мемлекет басшы-сының мәдениет саласын, оның ішінде театрлар жұмысын дамытуға айрықша көңіл бөлетінін жеткізді. Сондай-ақ, Премьер-Министр азық-түлік бағасының көтерілуіне жол бермеу, алдағы егін салу науқанына әзірлік секілді біраз мәселелердің алдағы Үкімет мәжілісінде қаралатынын еске салды.

Онлайн режимдегі Үкімет мәжілісі аяқталғаннан соң аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев облыстық мәдениет басқармасы мен театр басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

– Жергілікті драматургтермен бірлесіп, тізе қосып жұмыс істеп, репертуар мәселесін шешіңіздер. Өнер адамдарының жалақысын көтеру мүмкіндігін қарастырып, оларды пәтермен қамтамасыз ету мәселесін қала әкімдерінің алдына қойыңыздар, – деді облыс басшысы.

Алдағы уақытта өңірдің театр саласын дамытудың жағдайы облыс әкімдігі мәжілістерінің бірінде жан-жақты қаралатын болады.

Мейрамтай Иманғали
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив