KZ
Өскемен
+11°
пасмурно жел 1,6 м/с, В
479.05 534.57 5.17

Сочиде өтетін ХХІІ қысқы олимпиадаға қатысу құқығы 30-дан астам қазақстандық спортшыға берілді

24.12.2013, 18:00 138



33 қазақстандық спортшы спорттың 7 түрінен Ресейдің Сочи қаласында өтетін ХХІІ қысқы олимпиада ойындарына қатысу құқығын жеңіп алды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаевтың таратқан ақпаратына сілтеме жасап.

Лицензиялардың басым бөлігі Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарының және Алматы қаласының спортшыларының еншісінде. Бірақ олар Олимпиадаға дейін жеңіп алған лицензияларын қуаттау үшін әлем кубоктарының барлық кезеңдеріне қатысуы тиіс.

– Жалпы лицензиялық кезең аяқталғанға дейін спорттың 10 түрінен 40-тан астам лицензия ұтып алудың жоспары бар. Елдің олимпиадалық құрамасын жасақтау атлеттердің физикалық дайындығын, психологиялық тұрақтылығын, сондай-ақ, қорытынды іріктеу кезеңдерінің және допингке қарсы бақылаудың нәтижелерін ескере отырып, келесі жылдың қаңтарына дейін жалғасатын болады, – деп атап өткен агенттік төрағасы бұл байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасына кемінде екі медаль иелену міндеті қойылып отырғанын жасырмады.

Оның сөзіне қарағанда, спортшылардың жоғары нәтижеге қол жеткізуі үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, үміт күттірген отандық жетекші спортшылармен 700-ден 6 мың АҚШ долларына дейін ақша төлеуге келісімшарт жасалған. Бұдан бөлек, спорттың 8 түрінен ұлттық құраманы шетелден келген 17 жетекші маман дайындауда.

Сарапшылардың болжауынша, қазақстандық спортшылардың шаңғы жарысынан, биатлоннан, фристайл-могулдан, конькимен жүгіруден, мәнерлеп сырғанаудан және сноубордтан жүлделі орындарға көтерілуге мүмкіндігі бар. Бұл ретте Алексей Полторанин, Николай Чеботко және Д.Володькоға зор сенім артылып отырғанын айтқан дұрыс. Олар Канадада өткен Әлем кубогы кезеңдерінде жүлделі орындардан көрінген болатын. Сол секілді конькимен жүгіретін Денис Кузиннің, мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің де алдыңғы шептен көрінуге мүмкіндігі бар дейді мамандар.

Агенттіктің хабарлауынша, қазір Сочиге баратын қазақстандық делегацияның құрамы жасақталу үстінде. Оған спортшылар, жаттықтырушылар, мамандар және штаб кірмек.

–Сондай-ақ, біздің құраманы қолдау үшін тамақпен, тұрғылықты жермен және спорттық формамен қамтамасыз етілген бірыңғай ұйымдасқан топта шамамен 300 жанкүйер жіберу жоспарда бар, – деген Тастанбек Есентаев Сочидегі Олимпиада қалашығы аумағында қазақстандық баспасөз орталығы жұмыс істейтінін айтты.

ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарының басталуына екі айдан астам уақыт қалды. Ресейдің Сочи қаласында өтетін бұл дүбірлі додаға әлемнің 80-нен астам елінің 5 мың спортшысы қатысып, спорттың 15 түрінен 98 медаль жиынтығын сарапқа салмақ.


суретті түсірген Сергей Суров
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив