KZ
Өскемен
+5°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
488.45 529.19 5.04

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына дайындық басталып кетті

27.11.2013, 18:00 106


Облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті төртінші пленумында 2015 жылы тойланатын Ұлы Жеңістің 70 жылдығына әзірлік жұмыстары қаралып, басқа да ұйымдастыру мәселелері пысықталды. Пленумға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Геннадий Бердюгин өз сөзінде ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің жуырдағы шешімімен 2015 жыл «Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жылы» деп жария ланғанын атап өтті.

– Шығыс Қазақстаннан майданға 170 мыңнан астам адам аттанып, солардың 96 мыңы туған елге қайтып оралмады. Қазіргі кезде облысымызда Ұлы Отан соғысының 850 ардагері және кеңестік наградалармен марапатталған 2018 тыл еңбеккері тұрып жатыр. Бұлардың бәрі – Ұлы Жеңісті жақындату жолында өзінің барлық мүмкіндігін сарп еткен жандар. Сөйтіп жүріп ұрпақ өсіріп, халқымыздың әл-ауқатын арттырды. Сондықтан да ардагерлер ұйымдарының бүгінгі басты міндеті – осы жандарға көмектесу, оларды қорғауға алып, қалыпты өмір сүрулеріне жағдай жасау, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Өкінішке қарай, Геннадий Бердюгиннің айтуынша, ардагерлерді толғандырған күрделі мәселелер де аз емес. Олар негізінен медициналық қызметке қатысты. Облыстың түрлі өңірлерінде дәрігерлер тарапынан ардагерлерге тиісті көңіл бөлінбеу, тіпті, қажетті қызметті көрсетпеу фактілері кездескен. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысына қатысушылардың жыл сайынғы диспансерге жатқызылу науқанына нақты бақылау жасалмайды. Осыған байланысты облыстық ардагерлер кеңесі жергілікті жерлердегі ұйымдарға билік органдарымен бірлесе отырып, медициналық қызметтің сапасына мән беруді, қарттардың мүддесін барынша қорғауды ұсынып отыр.

Кешегі майдангерлердің тұрмыстық мәселелері де жіті көңіл бөлуді талап етеді. Айталық, бірқатар ардагерлер ескі әрі жайсыз, тіпті, апаттық жағдайдағы үйлерде тұрып жатыр, олардың дені әлі күнге дейін сарыла пәтер кезегін күтіп жүр.

– Алдағы мерейтойға дайындық туралы айтар болсақ, бұл ретте атқарылар шаруа шаш етектен. Шығыс Қазақстаннан 106 Кеңес Одағының Батыры және 24 Даңқ орденінің толық иегері шыққан-ды. Облыста сол жауынгерлердің және Отан үшін опат болған сарбаздардың құрметіне 172 мемориалды кешен мен ескерткіш, 233 обелиск бой көтерген. Сондай-ақ, 327 көше мен елді мекен батырлардың және еңбек ерлерінің есімімен аталады. Осы орайда Үржар ауданы әкімдігінің еңбегін атап өткен жөн. Аталмыш ауданның орталығында жергілікті батырлардың және еңбек ерлерінің мүсіндері қойылған ерекше Даңқ аллеясы бар. Міне, нақ осындай мемориалды кешендер барлық өңірлерде болуы тиіс, мұнымен қоса көптеген ескерткіштер жаңарту мен жөндеуді талап етеді. Қалған бір жарым жыл ішінде біз осы жұмыстарды орындап шығуға тиіспіз, – деп атап көрсетті ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Ардагерлер ұйымы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу барысында да жүйелі әрі жан-жақты жұмыс істеп келеді, дей тұрғанмен, бұл шаруаларды әрмен қарай жалғастырып, жетілдіре түсу қажет. Осы-
ған орай келесі жылы «Жеңіс батырлары» атты ауқымды мерейтойлық акцияны өткізу көзделуде.

Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар пленумға қатысушыларға ерен еңбектері үшін алғысын білдіріп, ардагерлер мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы тығыз байланыстардың қоғамдық маңызын айрықша атап өтті.

– Облысымызда ардагерлерге деген құрмет жылдан-жылға артып келеді. Мемлекеттен оларды сауықтыруға және қолдауға қомақты қаржы бөлінуде. Барлық деңгейдегі түрлі іс-шараларға ардагерлердің белсенді қатысуын қамтамасыз етіп келеміз. Осының барлығы – сіздердің алдарыңыздағы парызымыз. Ардагерлер кеңесі әлемдегі озық мемлекеттерде жоқ, ол – біздің өзімізге ғана тән әрі тарихы терең ұйым. Сондықтан, біз оның мүмкіндігін барынша пайдалануымыз керек. Сіздердің мемлекет тұрақтылығы мен қоғам бірізділігін сақтауда сіңірген еңбектеріңіз ерен. Бүгінгі күннің тынысын танып, тамырын дәл басып, қоғамдық іске араласып жүрсіздер. Сол үшін сіздерге үлкен рақмет айтқым келеді. Облыстағы атқарушы билік органдары сіздермен тікелей жұмыс істеп, талап-өтініштеріңізді мүлт етпей орындауы қажет. Бұл – аймақ басшысының берген тапсырмасы, – деп түйіндеді өз ойын облыс әкімінің орынбасары.

Ержан Әбіш
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив