Қараша айының 18-22 күндері аралығында Шығыс Қазақстан облысы аумағында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған арнайы үгіт-насихат тобы жұмыс істеуде , деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі Семей қалалық ішкі саясат бөлімінің ақпаратына сілтеме жасап.
Топ мүшесі, теолог Тағаев Нұрбол Сайлауұлы Семей қаласына арнайы келіп, жергілікті халықпен кездесулер өткізіп, тұшымды ақпаратпен бөлісті.
Ақпараттық-насихат жұмыстары қаламыздың іргелі оқу орны – Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінен басталды. Дөңгелек үстел басында өткен жиынға университеттің жастар ісі жөніндегі комитеті мен гуманитарлық факультет студенттері жиналды. Пікір алмасу арқылы өрбіген кездесу барысында жастар өздерін мазалайтын сауалдарды ортаға салып, толыққанды ақпарат алды.
Екінші кездесу қалалық Достық үйінде өтті. Мұнда қаламыздың барлық орта және жоғарғы оқу орындарының оқытушылары, колледж директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, кураторлар, студенттер, қоғамдық ұйым көшбасшылары мен мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.
Екі сағаттың көлемінде өткен басқосуда ислам дінінің мазмұны мен мақсаты, теріс пиғылды діни ұйымдардың әрекеттерін әшкерелеу, радикалды идеологияға қарсы тұру әрекеттері туралы кеңінен сөз етілді. Аудиториядан баяндамашыларға қойылған сұрақтар легі көп болды. Барлық сұрақтарға діни ұйым басшылары мен жергілікті атқарушы билік органдары тарапынан тиісті жауаптар берілді. Іс-шараға қатысқан «Ақылдастар» алқасының мүшелері алғыстарын білдіріп, ризашылықтарын танытты.