KZ
Өскемен
+10°
пасмурно жел 1,8 м/с, З
484.37 531.06 5.05

Өскеменде оқушыларды балмен және сүтпен қамтудың барысы талқыланды

18.11.2013, 18:00 275


Кеңейтілген кезекті аппараттық кеңесте ШҚ облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Нұрғазиев мектеп оқушыларының тағам рационына бал мен сүттің енгізілуі туралы мәлімет берді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аталған басқарма мамандары өңірдегі 687 мектептің 383-інде тексеру жүргізген, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Жалпы, бал мен сүт барлық мектептердегі оқушылардың ас мәзірінде кездеседі екен.
Облыста бүгінгі таңда 167746 оқушы бар, олардың 71 мыңы – бастауыш сынып оқушылары болса, қалған 96 мыңы – 5-11 сынып оқушылары. Бастауыш сынып оқушылары балмен 100 пайыз қамтылған, ал қалған оқушылардың небәрі 57 пайызы (55 мыңы) бал жейді.

Тексеруде анықталғандай, 7 өңірде (Абай, Аягөз, Глубокое, Зайсан, Жарма, Курчатов, Өскемен) бал аптасына 3 рет, ал қалған аудан-қалаларда күн сайын берілуде. 100 пайыздық қамтылу деңгейіне Аягөз, Бородулиха, Жарма, Зайсан, Зырян, Катонқарағай аудандары мен Курчатов қаласында ғана қол жеткізілген.

Аймақ басшысы Б.Сапарбаев оқушыларды балмен қамтамасыз етуді 50-70 пайызға ғана жеткізген Көкпекті, Абай, Бесқарағай, Ұлан аудандарының және ең төменгі көрсеткішке ие Риддер қаласының (43,6 пайыз) әкімін сынға алып, жағдайды түзетуді талап етті.

Облыс мектептерін оқу жылының бірінші жартысында қамту үшін 1 миллион 855 мың тонна сүт қажет екен. Бородулиха мен Зырян аудандарында ғана оқушылар сүтті күнде тұтынады, қалған өңірлерде аптасына 2-3 рет ішеді. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, облыста тек Семей қаласында және Бородулиха, Зайсан, Зырян, Катонқарағай, Күршім аудандарында оқушылар сүтпен толық қамтылған, ал көрсеткіштері төмен өңірлер – Көкпекті, Абай, Жарма, Бесқарағай, Аягөз аудандары мен Курчатов, Риддер қалалары. Жалпы, облыс бойынша 27 мың оқушы (16,5 пайыз) сүтпен қамтылмай отыр.

– Облысымыздың оқушыларды балмен де, сүтпен де толықтай қамтуға мүмкіндігі мен әлеуеті жетіп артылады. Солай бола тұра, қамту көрсеткіштері төмен. Оқушыларға бір оқу жылында 500 тонна бал керек, ал Шығыс Қазақстан жылына 5-7 мың тонна бал жинайды. Мектеп директорлары мен ауыл әкімдері осы бағытта жергілікті шаруа қожалықтарымен мақсатты жұмыс істеуі тиіс. Бұл бастаманы елімізде алғашқы болып біздің облыс бастаған болатын. Енді осы істі аяғына дейін жалғастыруымыз қажет. Одан соң ешкімді алдаудың керегі жоқ, тексеру комиссиясы келген кезде ғана балалардың алдына бал қойып, көзбояушылықпен айналысу жайттарының кездесетінін де жақсы білеміз, – деп ескертті облыс әкімі.

Осы тақырыпты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селиханов жалғады. Ол норма бойынша бастауыш сынып оқушысының бір күнде 60 грамм, ал 5-11 сынып оқушысының 120 грамм бал тұтынуы тиіс екенін атап көрсетті. Жалпы, облыстағы оқушылардың бір оқу жылындағы балға деген қажеттілігі 505 тоннаны құрайды.

– Қазіргі кезде Өскемендегі «Пасека» қожалығы балды арнайы полиэтилен құтыларға құюмен айналысуда. Олардың айына 50 тонна балды осылай қаптау мүмкіндігі бар. Мұнымен қоса, қазір жеті-сегіз кәсіпорын мен жеке кәсіпкер де осы істі қолға алған. Бірақ оларға сұраныс аз. Білім басқармасы оқушылар үшін тек осындай құтыдағы балдарды алса жөн болар еді. Одан соң мұндай бал құйылмалы өнімге қарағанда таза болады, – деп ұсыныс жасады ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

Сүтке келер болсақ, облыс оқушыларына оқу жылы көлемінде 3200 тонна сүт қажет екен. «Оны жергілікті қожалықтардан-ақ алуға болады» дейді сала жетекшісі. Облыс шаруашылықтарында жылына 740 мың тонна сүт сауылатынын ескерсек, бұл ретте де ешқандай мәселе болуы мүмкін емес.

– Оқушыларды балмен және сүтпен қамту ісін қаржыландыру «50 де 50» принципі бойынша жүзеге асуы тиіс. Қаржының жартысы мемлекет тарапынан, қалған жартысы ата-аналар мен демеушілерден түсуі керек. Аз қамтылған отбасылар мұндай төлемнен босатылуы қажет. Келесі жылдың бюджетін бекіткен кезде осы бағытты да қарастырған жөн. Басты мақсат – оқушыларды балмен және сүтпен 100 пайыз қамту, – деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.

Ержан Әбіш
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив