Өскеменнің коммуналдық қызмет мамандары су, жылу және электр қуатына қарызы бар адамдардың «қара тізімі» жасалған бірыңғай база құрды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Тізім ең әуелі борышкерлерді анықтап, коммуналдық мекемелер арасында өзара ақпарат алмасып отыру үшін аса маңызды. Мәселен, бір тұлғаның жылу үшін берешегі болса, ол туралы деректер сумен және жарықпен қамту компанияларына дереу жіберіліп, басқа қарыздары бар ма, жоқ па тексеріледі.
Осы базаның арқасында коммуналдық төлемдерді төлемей жүрген жауапсыз тұлғаларға енді тек жарықтан ғана емес, сондай-ақ жылу мен судан да ажыратылу қауіпі төнбек. Бұл жағдай кейінгі кездері тым көбейіп кеткен қарыздардың мөлшерін азайтуға септігін тигізеді деген пікірде мамандар.