Үржар ауданы Шолпан ауылының тұрғыны Нәзигүл Жылқышинова «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 1,4 миллион теңге несие алып, өзінің шағын бизнесін жүргізіп отыр, деп хабарлайды Аltaynews.kz.
Ауылдағы ескі үйдің іші-сыртын жұнттай қылып жөндеген ол нан пісіріп, халыққа қызмет көрсетуде. Күніне 160-180 дана наннан басқа 500 тоқаш, торт, батон, печенье, кекс сияқты өнімдерді жергілікті жұрттың сұранысы бойынша дайындап, ұсынады.
«Бағжан» деп аталатын бұл наубайхана бүкіл ауылды нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Әр тоқсан сайын 110 мың теңге несиесін төлеп отырған кәсіпкер әйел кәсібін дөңгелетіп әкетті. Болашақта кондитер өнімдерін шығаруды жоспарлап қойған Нәзигүл қазір осы істің қыр-сырын меңгеруде.
– Біздің ауылдық округ аудан орталығынан 120 шақырым қашықта орналасқандықтан, күн сайын жаңа пісірілген нан жеткізу мүмкін емес. Сондықтан, наубайхана ашу өзекті мәселеге айналған. Қазір Нәзигүлдің шаруасы аяғынан тік тұрды деуге болады. Өзіне де, халыққа да жақсылық жасап отырған оған ауыл жұрты дән риза, – дейді округ әкімі Дулат Ибраев.
Берікхан Тайжігіт