Семей қаласында тілдер мерекесі аясында «Қазақстан жолы» тәрбие білім орталығы мен қалалық ішкі саясат бөлімі Жастар орталығының ұйымдастыруымен Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің бас ғимаратында онлайн-конференция ұйымдастырды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Бұл іс-шараның мақсаты - түрлі ұлт өкілдерінің бірнеше тілді білуі арқылы ұлтаралық достықты насихаттау. Бесқарағай ауданының «Қазақстан жолы» тәрбие білім орталығының оқушылары онлайн желісінде түрлі ұлт тілдерінде сөйледі.
ҚазИГЗУ «Қазақстан жолы» тәрбие білім орталығының директоры Аман Рахметуллин іс-шара шымылдығын ашып, онлайн конференция қатысушыларын тілдер мерекесімен құттықтады.
«Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің түп тамыры, қатынас құралы. Сондықтанда бір ұлттың тілін білсеңіз сол ұлттың тарихын білдім деген сөз. Шара мақсаты - өзге ұлттың тілін құрметтеуді дәріптеп, сол арқылы біздің тіліміздің қаншалықты бай тіл екенін ұғыну», - деп атап өтті ұйымдастырушылардың бірі Олжас Мысыров.