Өскемендегі денешынықтыру-сауықтыру кешенінде дзюдодан КСРО спорт шебері, Қазақстан білім беру ісінің үздігі Мұратбек Дуановты еске алуға арналған ашық облыстық турнирде жасөспірімдер арасында «Түйе балуан» анықталды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Турнирге еліміздің Ақтөбе, Теміртау, Қарағанды, Павлодар, Астана, Талдықорған қалаларынан, облысымыздың аудандарынан 1996-1997 жылдары туған 160 жасөспірім қатысты.
Жарыс жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, жас дзюдошылардың спорттық шеберлігін арттыру мақсатында өтті.
Мұратбек Дуанов Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтында оқып жүргенде күрестің самбо, дзюдо түрімен айналысып, халықаралық жарыстарға қатысты. 1976 жылы Қарағандыда самбодан өткен бү-кілодақтық турнирде жеңімпаз атанды. Содан кейін де көптеген халықаралық жарыста жүлделі орындарды иеленді.
Жас маман еңбек жолын Күршім ауданындағы «Қаба» кеңшарында бастап, бас агроном болып қызмет істеді. 1992 жылдан Күршім аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жеткіншектерді күрес өнеріне баулыды. Шәкірттері арасында Ілияс Измагилов дзюдодан әлемнің күміс және қола жүлдегері атанып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері талабын орындады.
Турнир қорытындысында К.Құдайбергенов, Е.Теміржанов, Н.Губаньков (бәрі Семейден), Е.Қалымбеков, М.Берекетов (Тарбағатай ауданы), Р.Верхотуров, Н.Азаров (Қарағанды), А.Асылғазинов, А.Ерліков (Өскемен) жекелей салмақ дәрежелерінде бірінші орындарды жеңіп алды.
Турнир барысында қазақ күресінен жасөспірімдер арасында «Түйе балуандар» сайысы ұйымдастырылды. Бұл жарыста семейлік А.Оразбаев мықтылығын дәлелдеп, бас жүлдені иеленді.
Әлімжан Қадылбекұлы