KZ
Өскемен
+5°
переменная облачность Штиль
480.11 532.25 5.14

Өскеменде жаттығуға қажетті барлық жағдай жасалған дзюдо орталығы бар

23.05.2017, 18:00 241



Өскеменде дзюдо орталығы бар. Алайда, бұл жайтты басқаны қойып, спорт нысанының іргесінде тұратын жұрттың өзі де біле бермейді. Жібек маталар комбинаты ықшам ауданындағы №46 қазақ мектебінің жанында орналасқан спорт ғимаратында бүгінде әр жастағы жүзге тарта балуан жаттығуда.

Осыдан бір жыл бұрын ашылған орталықта дзюдодан облыс құрамасының бас бапкері Бақытбек Дуанов күреске бейімі бар жастарды тәрбиелеп, аз уақытта республикалық, халықаралық бәсекелердің жеңімпаздарын даярлап шығаруда.

Отыз жылдан астам уақыт бойы балалардың дзюдо күресіне деген қызығушылығын оятып келетін Бақытбек Дуанов осыған дейін жетпіс спорт шеберін дайындапты. Қазір оның шәкірттері республикалық деңгейдегі жарыстарды айтпағанда азиялық, әлемдік додаларда атой салып, тұғырдың ең биік сатыларынан көрініп жүр.

«Дзюдо» орталығының қазіргі жағдайына көз жүгіртіп өтсек, спорт нысанында жаттығуға қажетті барлық жағдай жасалған, екі қабаттан тұратын ғимарат татами төселген күрес залымен, киім ауыстыратын, жуынатын бөлмелермен жабдықталған. Коммуналдық төлемдер осы орталықты ашқан Бақытбек Дуановтың және оның жақындарының өз естептерінен төленеді екен. Білікті бапкер ғимараттағы негізгі құрылыс, әрлеу жұмыстары аяқталғанын, ал жаттығуға қажетті спорттық жарақтармен қамтамасыз ету жағы алдағы күндердің еншісінде екенін алға тартты. Бұл орталықтың бір ерекшелігі, жаттығуға кешігіп келгеннің өзінде артынан қалып, үйренгеніңді пысықтауға болады, уақыт жағынан ешқандай шектеу жоқ.

– Жұмыстың басым бөлігі атқарылып бітті. Қосымша жөндеу, жабдықтау мәселелері, сәтін салса, біртіндеп шешіледі. Қалай дегенде де, осындай үлкен істі бастап, білек сыбана кіріскенім шәкірттеріме де оң ықпал етеді деген үміттемін, – дейді бас бапкер Бақытбек Дуанов.

Бір айта кетерлігі, мұнда жас ерекшеліктеріне қарай балғын дзюдошыларға да спортпен айналысуға мүмкіндік бар. Әлібетте, жас балуандар алғашында дзюдо спортының әліппесімен танысып, маңызын жете түсініп алғандары абзал. Орталықта бұл жағы да ескерусіз қалмапты. Спорт ғимаратында өздері белдесе жүріп өзгеге де дзюдо өнерінің қыр-сырын үйретуді ұмытпаған жандар бар екен. Атап айтсақ, Әлем кубогының қола жүлдегері Талғат Әміренов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бауыржан Халелов, халықаралық турнирлердің жеңімпазы Алмас Дуанов қазіргі кезде бас бапкер Бақытбек Дуановпен бірге жаттықтырушы қызметін атқарып жүр.

– Жұмысты бірнеше жаттықтырушы бірігіп атқарса нәтижелі болады. Бір-бірімізді түсініп, толықтырып отырсақ шәкірттеріміз де дұрыс бағыт алады ғой. «Жалғыздың үні шықпас» дегендей мұндай істі жалғыз өзің алып жүру оңай емес, – дейді Бақытбек Дуанов бапкерлік кәсіптің машақаты туралы ойын ортаға салып.

Осы орайда, жастарға тәлім-тәрбие беріп, оларды салауатты өмір салтын ұстануға шақыруды мақсұт тұтқан «Дзюдо» орталығы бапкерлік құрамның еңбегі бүгінде елеусіз қалып жатпағанын айту керек.

Сәуір айында Павлодар қаласында өткен дзюдодан халықаралық жарыста командалық есепте Шығыс Қазақстан облысының татами шеберлері топ жарып, ел құрамасы бапкерлерінің назарына ілікті. Осыған қарап-ақ Өскеменнің бір шетінде орналасқан шағын ғана «Дзюдо» орталығының жеткен жетістіктері орасан екенін аңғаруға болады. Бар білгенін шәкірттерімен бөлісіп жүрген жаттықтырушыларға сәттілік, ал облыс атынан сынға түсіп жүрген саңлақтарға жеңіс тілейміз.

Әділхан Есімханов




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив