Алматыда «Геотехнология-2013: тау-кен өндірісінің инновациялық даму жолдары мен проблемалары» атты 6-шы Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ашылды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі Қазақмыс Тобының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараның басты ұйымдастырушысы Қазақмыс Тобы және жалпы ұйымдастырушылардың пайымдауынша, аталмыш шара тау-кен өндірісі саласындағы ірі кәсіпорындардың, алыс және жақын шетелдерден келген жетекші ғалымдар мен мамандардың арасындағы тиімді сұхбаттың ұтымды тетігі болады.
Конференцияның алғашқы күні Қазақмыс Тобының басшылығы бүгінде тау-кен өндірісі саласы, соның ішінде компанияның өзі үшін де басымдық берілуге тиіс бағыттарды айқындады: жылжу аймақтарындағы жыныстарды өңдеу үшін ұсыныстар мен негіздемелер алу мақсатында ғылыми зерттеулер жүргізу, тұрақсыз аймақтардағы камерааралық целиктерді қайта игеру технологиясын құру қажет, инновациялық технологияларды одан әрі қолданысқа енгізу керек.
Компания өкілдері мысал ретінде Жезқазғандағы бірегей кен орны мен Жомарт кен орнының қорларын қосымша өңдеу тәсілдеріне тоқталды.
Дөңгелек үстел, пленарлық және секциялық отырыстар барысында тәжірибе мен пікір алмасу, тау-кен геологиялық, геотехникалық мәселелерді шешу жолдарын қарастыру, экология, аэрогаз динамикасы аспектілерін, тау-кен жұмыстарын қауіпсіз жүргізу мәселелерін талқылау жоспарланып отыр. Конференцияның екінші күні қатысушылар өндірісті оңтайландыру, шығындарды азайту, инновациялық және ауқымды жобаларды іске асыру салаларындағы, пайдалы қазбаларды өндірудің аз шығынды технологияларын енгізудегі білімдері мен тәжірибелерін қорытындылайды.
«Біз компания кәсіпорындарының қызметі барысында туындайтын аса күрделі геотехникалық мәселелерді шешу үшін бар күшімізді салып келеміз. Пайдалы қазбаларды өндіру мен игерудің дәстүрден тыс тың тәсілдерін іздестіру, кен орындарын аз шығынмен тұрақты әрі ұзақ мерзімді пайдалану – ең маңызды міндеттеріміздің бірі. Бұл тұрғыда экологиялық мәселе, сөзсіз, басты мәселелердің бірі», – деді Қазақмыстың Тау-кен өңдеу кешенінің бас директоры Бақтияр Қрықпышев.