KZ
Өскемен
+14°
пасмурно жел 2 м/с, В
481.84 531.33 5.07

Абай мен Шәкерімнің үш жүзден астам өлеңін жатқа оқитын оқушы

8.09.2013, 18:00 179


Абай - Шәкерім оқулары өз мәресіне жетті. Республикалық сайысқа осы жолы еліміздің барлық облыстарынан барлығы алпыстан астам оқушы қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Мектеп оқушылары арасындағы мұндай республикалық сайыс осымен он төртінші рет өткізіліп отыр. Сол сайыс жеңімпаздары ішінен бүгінде есімдері қалың оқырмандарға танылып қалған талантты қаламгерлер шығып үлгергенін ескерсек, мұндай әдеби-рухани шараның қаншалықты қа-жет екендігі түсінікті.

Бұл жолғы дәстүрлі оқулар да әдеттегідей Білім және ғылым министрлігі, облыстық «Дарын» орталығы, Абай аудандық әкімдігі мен аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас қонақтарға тарихи орындармен жете танысуға мүмкіндік туғызылды.

Дәстүрлі оқулар Жидебайдағы амфитеатрда алғашқы күні кешкісін салтанатты жағдайда ашылды. Мұнда Абай, Шәкерім бейнелерін сомдаған «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің өнерпаздарына жан-жақтан жиналған талапкер ұландар ризашылықпен қол соқты. Жидебайда жергілікті ұстаздар қауымының күшімен тігілген қазақ үйлер де өзінің сән-салтанатымен жас ұрпақтың қиялдарын көкке шарықтатып жатты.

Биылғы дәстүрлі оқуда Астана мен Алматы, біздің облыс пен Абай ауданынан жеке команда жасақтал-ғанын да атап өткен жөн. Сонымен бірге, дәстүрлі оқуларға Алматыдағы, Қарағандыдағы қазақ тілі мен әдебиетін, физика мен математика пәндерін тереңдетіп оқытатын мектеп интернаттардан, жартылай әскери мектептерден түлектердің қатысуы да көп нәрсені аңғартса керек. Өйткені, Абай, Шәкерім тағылымдары жас ұрпақтың қай-қайсысына болмасын артықтық етпейді.

Сонымен талапкер жеткіншектер «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы», «Көңілім әнді ұғады» және «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» атты үш номинация бойынша шеберлік сынына түсті. Мұның алғашқысы бойынша олар Абай, Шәкерім өлеңдерін оқыса, екінші номинацияда ақындардың әндері мен күйлері орындалды. Ал үшінші номинация бойынша талапкерлер өз шығармаларын оқыды. Осы аталған үш номинация бойынша кезек-кезегімен Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданынан келген сегізінші сынып оқушысы Нұрсұлтан Серікбол, Абай мектеп-лицейінің сегізінші сынып оқушысы Зере Таутанова, Қарауыл гимназиясының он бірінші сынып оқушысы Айдана Дәуренқызы жүлделі бірінші орынды қанжығаларына байлады. Осы орайда жоғарыда есімі аталған Нұрсұлтан Абай мен Шәкерімнің үш жүзден астам өлеңін жатқа мәнерлеп оқығанын ерекше айтқымыз келеді.

Биылғы дәстүрлі оқулардың бас жүлдесін қазылар алқасы бірауыздан Алматы облысының Райымбек ауданынан келген Әлия Іңкәрбекке тиесілі деп шешті. Мұқағалидай ақиық ақынның елінен келген талапкер бұл құрметке әбден лайық. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, бұл жолғы байқаудың нәтижесі де көп ұзамай өз жемісін берері сөзсіз.

Дәулет Сейсенұлы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив