KZ
Өскемен
+14°
пасмурно жел 2 м/с, В
481.84 531.33 5.07

Абай оқулары өз мәресіне жетті

18.09.2017, 03:06 140

Биылғы республикалық Абай оқулары әдебиеттің асқары, өмірі күллі елге үлгі, дара тұлға, мұхиттай терең талантты жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың 120 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Дәстүрлі ХVІII республикалық Абай оқулары жылдағы үрдіспен оқу жылының аудан орталығы Қарауылда және Жидебайдағы Абай, Шәкәрім кесенесіндегі амфитеатрда өтті.

Қазақстанның әр облысынан жиналған дарынды оқушылар ең алдымен Абай жолымен ақынның кіндік қаны тамған туған жері Сырт Қасқабұлақ өлкесіне, соңынан «Еңлік-Кебек» ескерткішінің басына тоқтап, қос ғашықтың мүсінін тамашалап, Үй тастағы театрландырылған көрініске куә болды. Сонымен қатар, Шілікті кезеңдегі Абайдың жары «Әй, керім!» атанған Шүкіманның, яғни Әйгерім бұлағының басында аялдап Абай мен Әйгерімнің алғаш таныстығын сахналаған көріністі тамашалап, қол соқты.


Осыдан соң барлық қатысушылар Жидебайдағы Абай, Шәкәрім мұражайын аралап, кесенелерге кіріп, тағзым жасады. Жол бойы тарихи мұраға тұнып тұрған киелі жерлермен танысқан соң, кеш бата аудан орталығына бет алды. Жас өрендерді мәдениет үйінің алдында күтіп алған өнерпаздар жыр мен биден шашу шашып, өнерлерін паш етті. Әсіресе, Абай, Шәкәрім, Мұхтар кейпін сомдап, ұрпағына асыл сөздерін арнаған театрланған көріністер жиналғандарға ерекше тәнті етті.


Осыдан соң Мәдениет үйінің залында республикалықбайқау шымылдығын аудан әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Тәттібеков ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі, жыр додасының мән-маңыздылығымен таныстырып өтті. Дәстүрлі түрде өтетін республикалық Абай оқуларына барлық облыстардан және Астана, Алматы қалаларынан сондай-ақ, Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Абай ауданының командасынан барлығы 90-ға жуық оқушы қатысты. Осынау ХVІІІ Абай оқуларының құрметті қонақтары ретінде, республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының зертхана меңгерушісі Зәуре Аманова, Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Сайрангүл Жұмәділова, Шәкерім атындағы мемлекеттік университеті, қазақ филологиясы факультетінің деканы,филология ғылымдарының докторы, профессор Айбар Қадыров,Семей қаласындағы Абай музейінің директоры, жазушы Болат Жүнісбеков, қазақтың белгілі ақыны, ҚР Президентінің сыйлығының иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, ҚР маслихаттарының Құрметті депутаты, ҚР-ның әлеуметтік еңбек саласының үздігі, Абай ауданының Құрметті азаматы, Абай аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Төлеубек Аманғазы және тағы басқалары қатысып, әділқазылар алқасы ретінде қатысушылардың талантын бағалап отырды.


XVІІІ Республикалық «Абай оқулары» төрт бөлім бойынша өткізілді. Бірінші бөлімде «Өлең сөздің патшасы-сөз сарасы» Абай, Шәкерім өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқу сайысы бойынша Бас бәйгені Жамбыл облысынан келген өнерлі өрен Айдана Есмағамбетова жеңіп алса, бірінші орынға семейлік Б. Ирасылова, екінші орынға Оңтүстік Қазақстан облысынан О. Қасымбек, Атырау облысынан Ә. Жолдасқалиқызылар шықты. Осы аталым бойынша үшінші орынға ақмолалық Ә. Алдажұманова, зайсандық Ә. Балғабаева, Абай ауданынан А.Кәріпбайлар көтерілді. Бұларды марапаттау Жидебайдағы амфитеатрда салтанатты түрде өтті.


Келесі екінші бөлім, «Көңілім әнді ұғады» деп аталды, онда Абай, Шәкерім әндері мен күйлерін орындаушылардың сайысы аудандық Мәдениет үйінде жүрді. 1 орынға Алматы қаласынан келген Н. Айтжан, екінші орынға павлодарлық Т.Сушенова мен ақтөбелік А. Санбаевтар шықса, үшінші орынға ақтаулық Б. Мұстафа, Алматы облысынан А.Марат, Семей қаласындағы №5 гимназияның оқушысы Б. Құдайбергеновалар ие болды.


Сондай-ақ, үшінші бөлім «Ұлылар әлемі» деп аталды. Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылындағы Абай атындағы мектеп-лицейде сайысқа қатысушылар эссе жазып, бақ сынады. «Ұлылар әлемі» номинациясы бойынша өскемендік М. Мұратханова бірінші орынды иеленсе, екінші орынға алматылық Н.Бөрібаева мен аягөздік П. Нүсүпова, үшінші орынға қстанайлық Э. Абдрахманова, жамбылдық А. Құдайқұл, ақтөбелік Д. Мұратовалар жеңіске жетті.


Төртінші бөлім «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясы бойынша 1 орынға Семей қаласындағы №42 мектептен Т.Кәмілжанов, екінші орынға Солтүстік Қазақстан облысынан Д. Құрмаш, Өскемен қаласынан Ғ. Бақбоз, ал үшінші орынға қостанайлық А. Сәтбай, Абай ауданынан Е. Төлепбекова, Алматы қаласынан Д. Тоқтарлар көтерілді.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив