Шығыс Қазақстандағы Шаған-оба шекара бекетінде бір жауынгер қаза болды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
«Ақтаулық 18 жастағы Дәурен Хасановтың денесі салынған «200 жүк» Маңғыстау облысына арнайы әскери рейспен жеткізілді. Қайғылы оқиға 1-қыркүйекте Шаған-оба шекара бекетінде орын алған. Жауынгер басынан атылған оқтан қайтыс болды», делінген әскери прокуратураның таратқан мәліметінде.
Сарбаздардың айтысына қарағанда, олар алдымен оқ атылғанын естіген, жүгіріп келгенде Хасановтың дәлізде жатқанын көреді. Жауынгердің әскери борышын толық өтеуіне бар болғаны 2-ақ ай қалыпты. Жігіттің туысқандары оның өліміне шекара бекетіндегі офицерлердің бірінің қатысы бар деп отыр.
Белгілі болғандай, оқ Макаров табельді офицер пистолетінен атылған. Бұл деректі әскери бөлімнің басшылығы да растап отырғанымен, басқадай мәліметтер әзірге жария етілген жоқ.. Басшылар тергеу амалдарының жүріп жатқанын айтады.