Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында дзюдодан ересектер арасында әлем чемпионаты аяқталды. Бұл жарыстарда 73 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Өскемен дзюдо мектебінің түлегі Дастан Ықыбаев жақсы өнер көрсетті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Дастан бірінші айналымда қытайлық қарсыласын, одан соң Израиль балуанын айқын басымдылықпен ұтты. Грузин балуаны Таталашвилимен айқасқа шыққанда жеңіске деген жігерін жани түсіп, қарсыласын бет қаратпастан тізе бүктірді.
Ал жартылай финалға шығу үшін өткен белдесуде Дастан Франция балуаны Уго Леграндпен кездесті. Аса тартысты өткен бұл айқаста төрешілер жеңісті оның қарсыласына берді. Бұл белдесуде Дастан өз шеберлік деңгейінің қарсыласымен тең дәрежеде екенін бүкіл әлемге айқын көрсетті.
Денсаулығына байланысты жапон балуаны қола медаль үшін жарысты жалғастыра алмайтыны белгілі болғаннан кейін оның орнын Дастан басты. Біздің дзюдошы Бельгия балуанымен үшінші орынға таласып, ұтылып қалды. Қорытындысында бесінші орынды иеленді.
Ал Азамат Мұқанов 66 келіmсалмақ дәрежесінде күміс медальді жеңіп алды. Өкінішке қарай, біздің еліміздің балуандары – қыздар мен жігіттер іріктеу айналымынан өте алмады. Елдос Сметов пен Асхат Тельманов қана өз салмақ дәрежелерінде жетінші орын алды.