Тарбағатай аудандық мәдениет үйінде халқымыздың тарихында айтулы орны бар ірі тұлға Тана мырза Тілемісұлының 210 жылдығына арналған «Тарихи тұлға - Тана мырза» тақырыбында ғылыми-танымдық конференция өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz.
«Тана мырза және оның заманы», «Тана мырзаның дін саласындағы ағартушылық қызметі», «Тана мырзаның шешендік сөздері» тақырыбында мәдениет қайраткері, «Тана мырза» кітабының авторы А.Сапышев, этнограф-ғалым, Шәкерім атындағы Семей университетінің доценті М.Мұхамадиұлы, Тана мырза атындағы мектеп директоры, тарихшы Т.Салқынбаев баяндама жасады.
Сонымен қатар, ғалым М.Ағзамов, тарихшы Ө.Төленбаев, жергілікті өлкетанушы Қ.Ілиясов қазақтың мырзасы атанған Тана Тілемісұлының сол замандардағы тап күресінің бел ортасында жүріп, халқының болашағы үшін отаршылдыққа қарсы күресі, елді ілім мен білімге жетелеудегі қайраткерлігі, шешендігі мен тапқырлығы хақында әңгімеледі.
Семейлік Нұржан Өмірбаев, Жасұлан Мақаев пен өскемендік ақындар Еркін Қуаныш, Саягүл Бірлесбек арасында өткен жыр сайысы да көпшіліктің көңілінен шықты.
Сол күні Тана мырза Тілемісұлының ұрпақтары қайраткер тұлғаға арнап ас берді.
Ш.Көпшікбаева