KZ
Өскемен
-8°
ясно Штиль
479.23 534.96 5.16

Шығыс Қазақстандағы моноқалаларда өнеркәсіп өндірісінің көлемі төмен

23.08.2013, 18:00 236


Шығыс Қазақстандағы моноқалаларда өнеркәсіп өндірісінің көлемі төмендеп кеткен. Биылғы жеті айдың көрсеткішіне сәйкес тек Риддерде ғана өнеркәсіп өндірісі көлемінің өсімі (былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 43 пайызға өскен) байқалады. Ал Курчатов пен Серебрянкада керісінше төмендеп кеткен, Зырянның өнеркәсіп өндірісінің көлемі былтырғы деңгейде сақталған. Бұл мәліметтер облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен селекторлық жиында келтірілді , деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Моноқалаларды дамытудың 2013-2015 жылдарға арналған кешенді жоспарында барлығы алты зәкірлік жобаны жүзеге асыру қарастырылса, оның үшеуі Зырянда, қалған шаһарларда бір-бір жобадан.

Қазір осы жобалардың екеуі ғана қолға алынған. Біріншісі, Риддер қаласындағы «Востокэнергоиндустрия» ЖШС кәсіпорны базасында құрылыс материалдарын шы-ғаруды ұйымдастыру, құны – 599 млн. теңге. Екіншісі, Зырянда құрамында алтын мен күміс металы бар техногендік шикізат өңдейтін фабрика құрылысын жүргізу. Тапсырыс беруші – «Магма Вест» ЖШС.
Өз сөзінде аймақ басшысы моноқалалардың барлық әкімдіктері зәкірлік жобаларды іздестіріп, келешекте іске асыруға тырысулары керектігін жеткізді. Өйткені, 2014 жылға бар-жоғы үш зәкірлік жоба жоспарланыпты. Олар: Зырян қаласындағы құны 7,5 млрд. теңгені құрайтын гидроэнергетикалық кешенін салу; Курчатовта 7,8 млрд. теңгеге бағаланған радиоактивті қалдықтарды және атом саласындағы кәсіпорындарда иондайтын сәулелердің көздерін өңдеу және ұзақ мерзімге сақтау жөніндегі республикалық орталық құру; Зыряндағы «Орел» тау шаңғысы базасында 300 млн. теңгеге спорттық-сауықтыру кешенін салу.

Бағдарламаның тағы бір басты бағыты – шағын бизнестегі белсенді кәсіпорындардың санын 2011 жылмен салыстырғанда 2015 жылы екі есеге көбейту десек, баяндамашы С.Ұлақованың келтірген деректері көңіл көншітпейді. Оның айтуынша, қазір Риддерде шағын кәсіпкерліктегі белсенді субъектілердің саны 24 бірлікке өсіп,175-ті құраса, Зырянда 12 бірлікке өсіп, 120-ны, Серебрянкада 1 бірлікке өсіп, 20-ға жеткен. Ал Курчатовта өскеннің орнына 1 бірлікке кеміп, 31-ді құраған.

– Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бөлінген қаржыны неге алғашқы кезде желтоқсан айына белгілеп қойғансыздар? Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы қайда қарап жүр? Жарты миллиард теңгені жылдың соңына кім қояды? Басында тамыз, қыркүйек айларына белгілеу керек болатын. Жылдың аяқталуына бір айдан аз уақыт қалғанда жарты миллиард теңге қаржыны қалай игермексіздер? Оның үстіне желтоқсанның жиырмасынан кейін барлық қаржылық мекемелер жабылады, сонда қайтпексіздер? – деп сұрақты төтесінен қойған өңір басшысы жауапты басқарманың жұмысына көңілі толмайтынын айтты.

Өңір басшысының жаңа жұмыс орындарын ашу тапсырмасын орындау мақсатында Риддерде 10 нысан ашылып, 65 жұмыс орны құрылған. Сондай-ақ, Зырян қаласында 13 нысанның тұсауы кесіліп, 54 адам еңбекпен қамтылған, Курчатовта 8 нысан іске қосылып, 22 адам еңбекке тартылған, Серебрянкада 3 нысан ашылып, бар-жоғы төрт жұмыс орны құрылған.
– Мұны қалай түсінеміз? Өзі үш нысан ашылса, ол жерде сонда төрт-ақ адам жұмыс істей ме? Бұл сонда қандай өндіріс, бір-бірден жұмыс орнын ашатын? Мәліметті дұрыстап беруге болады ғой. Есеп үшін емес, нақты шаруаны көрсету керек, – деген облыс әкімі моноқалалардың тұрғын және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бөлінген қазына қаржысының кәдеге жаратылмай жатқанын да сын садағына алды.

С.Ұлақованың мәліметіне жүгінсек, бұл бағытта жиыны 13 инвестициялық жобаға 1 797,9 млн. теңге қаржы қарастырылған. Қазіргі уақытта осы ақшаның 71,2 млн. теңгесі немесе жылдық соманың 4,1 пайызы ғана игерілген. Оның ішінде атап айтар болсақ, Риддер – 2,8%, Зырян – 12,6%, Серебрянка – 9,5% игерсе, Курчатов қаласы бір тиынды да ұқсата алмаған.

Кейбір жобалар бойынша проблемалар да бар көрінеді. Айталық, Риддер қаласындағы «Востокэнергоиндустрия» ЖШС-нің өндірістік базасын инженерлік желілермен қамтамасыз ету жобасы мемлекеттік сараптамада әлі қаралуда. Сол сияқты 12,4 шақырымдық 32 газ тарату қондырғысын жөндеу жобасы түзетуге қайтарылып жіберілген.

Бағдарлама аясында қалаларды абаттандыруға 2013 жылы 24 жобаны іске асыруға барлығы 391,6 млн. теңге бөлінген, тамыз айының басындағы көрсеткіш-ке қарағанда, 274,3 млн. теңге немесе жылдық соманың 72,5 пайызы игерілген.

Серік Әбілхан


Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив