KZ
Өскемен
-7°
туман Штиль
479.23 534.96 5.16

Ауылдық әкімдердің алғашқы есеп беруі қыркүйек айында басталмақ

21.08.2013, 18:00 196


Жаңадан сайланған ауылдық әкімдердің алғашқы есеп беруі қыркүйек айында басталмақ. Бұл жайында Өскеменде облыс әкімі аппаратының басшысы Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен өткен ауылдық округтер әкімдері және облыстық басқармалар басшыларының семинар-кеңесінде айтылды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

– Алғашқы есеп беру қыркүйек айында басталып кетпек. Соған қазірден дайындалыңыздар, халықтың алдына төрт жылға арналған нақты бағдарламаларыңызбен шығыңыздар. Себебі, халық өздерінің таңдауымен жаңадан сайланған әкімдерден үлкен үміт күтіп отыр. Ал қалалар мен аудандардың әкімдері жылына екі рет, облыс басшысы бір рет жылдың басында халық алдында есеп беретін болады. Аталған есеп берулерге біз де қатысатын боламыз. Егер халықтың тарапынан жұмыстарыңызға көңіл толмаушылықтар байқалатын болса, аудан, қала әкімдері сіздерді қызметтеріңізден босатуға құқылы, – деді Ержан Жылқыбаев кеңесте.

Жиын барысында облыс әкімі аппаратының басшысы аймақтың тірек ауылдарын дамытудың нәтижелерін де айтып өтті. Оның айтуынша, 2012 жылы 10 млрд. теңгеден астам қаражаттың 628 жобасы жүзеге асырылған болса, биыл да 10 млрд. теңгенің 855 жобасы мақұлданған. Мұншама қаражаттың барлығы да ауылды абаттандырып, гүлдендіруге, онда тұратын халықтың әл-ауқатын көтеруге, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталып отырғаны белгілі. Барлық әкімдер тұрғындар алдында есеп беріп тұруға тиіс екендігін Мемлекет басшысы өзінің Жарлығында атап өткен болатын. Оның ішінде ауылдық округ әкімдері тоқсанына бір рет есеп береді.

– Сіздер әкімдік қызметке қатаң таңдаудан өтіп келдіңіздер, өздеріңізді алдағы төрт жылда көрсете білуге мүмкіндік беріліп отыр. Сонымен бірге, сіздердің мүмкіншіліктеріңіз де бұрынғыға қарағанда айтарлықтай арта түсті. Мәселен, орташа есеппен алғанда әр ауылдық әкімде халқының санына байланысты 5, 8, 10, 12 штаттық бірлікке дейін болады. Қазір бюджеттік кодекске өзгертулер енгізу жайы қарастырылуда. Сондықтан, жергілікті халықтың мәселесін қысқа уақыт аралығында жылдам әрі тиімді шешуге мүмкіндіктер болмақ. Облыс басшысының айтуынша, осыған орай жергілікті жерде жұмыспен қамту артып, мәселелер мейлінше азаймақ, – деді Ержан Жылқыбаев.

Дәурен Аллабергенұлы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив