Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Зырян ауданында болып, ауданның жиын-терін науқаны мен жылыту маусымына дайындығын тексерді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
«Средигорненский» ЖШС-нің қожасы, аудандағы ең тәжірибелі шаруаның бірі – Петр Дяглев өнім былтырғыдан артық болмаса, аз болмайтынына сенімді екенін, күннің мейірі күздің қара суығына дейін үзілмесе, өнімнің сапасы да соншалықты нашар болмайтынын айтады. Асылтұқымды қожалық ретінде танымал бұл серіктестік егін шаруашылығын да ақсатпай, қатар алып келе жатыр. Биыл әр гектардан 20-22 центнер өнім алуды межелеп отырған шаруашылықтың меншігінде тәулігіне 200 тонна дақыл кептіре алатын арнайы кешен бар.
Осыдан бес жыл бұрын сатып алған «Сlass» маркалы неміс комбайндарының арқасында еңбек өнімділігі үш есеге артқанын айтқан Петр Дяглев былтырдан бері егіп келе жатқан қара бидайдың омбылық сұрыбын өзге диқандарға таныстырды. Бұл – оның шаруашылығындағы басты жаңалықтың бірі. Өйткені аталмыш дақыл түрінің алқабын жылдан-жылға ұлғайтып келе жатыр. Ал «Нивы-Чапаево» ЖШС директоры Жанатбек Бұғыбаев рапс дақылының алқабын ұлғайту тиімді деген ұстанымда екенін білдірді. Бағасы күнбағыспен қарайлас болса да, жерге зиянынан пайдасы көп бұл дақылдың орылмай, қар астында қалу қаупі аз көрінеді. Рапстың әр гектарынан 68-70 мың теңге пайда көруге болатынын алға тартқан қожалық жетекшісі шаруаның алға басуына мемлекеттің жанармай мен техника сатып алуда көрсеткен қолдаулары да үлкен сеп болып жатқанын баса айтты.
Дегенмен, биылғы жиын-терінде ауданның көптеген шаруаларына ортақ қолбайлаулар да бар көрінеді. Бұл жөнінде қожалық басшылары аймақ басшысымен болған әңгімеде ашып айтты. Алқапқа орақ түсе бастағанымен, кейбір қожалықтардың арзандатылған жанармайға қолы жетпеген. Олардың обалына қалып отырған Алматы облысынан тендер ұтып алған оператор екені де айтылды. Аймақ басшысы жанармай мәселесі кешікпей шешілетінін айта келе, диқандарға барлық шаруаны ысыра тұрып, күннің көзіне қарап отыра бермей, астық жинау науқанына ден қою керектігін тапсырды.
– Мен Зырян ауданы – облыстағы ең бидайлы өңірлердің бірі болғандықтан, диқандармен кездесу үшін осы алқапқа арнайы келіп тұрмын. Биыл аудандарыңызда 42,1 мың гектар алқапқа ылғал үнемдеу технологиясы пайдаланылған екен. Жаңа техника алуға 960 млн. теңге бөлінген. 1110 тонна тыңайтқыш таратылыпты. Соның арқасында қосымша екі мың гектар алқап игеріліп, рапс алқабы 1,3 мың гектарға жетті деп отырсыздар. Мұның бәрі – жақсы нәтиже. Алайда, мұнда егіс алқабы тұрақты өсуде деуге келмейді. Мәселен, былтыр игерілген жер көлемі 2011 жылдан аз болса, биыл қайта көбейген. Өсім тұрақты болғанда ғана, алға жылжу болады, – деді өңір басшысы.
Облыс басшысы бірінші және екінші класты тұқымның үлес салмағы 60 пайыздан асуы да аса жоғары көрсеткіш емес екенін тілге тиек етіп, мол өнімді ысырап қылмау үшін кептіру кешендерінің дайындығын шегіне дейін пысықтау керектігін ескертті. Аудан бойынша 20 кептіру кешені сақадай сай тұрғаны мәлім болды. Жергілікті элеватордан бөлек, 154 қойма астық қабылдауға дайын. Аймақ басшысы аудандағы мал басының өсіміне көңілі толмайтынын жеткізе келіп, қойдың санын кеңес үкіметінің тұсындағы межеге жеткізген Абай ауданын мысалға алды.
«Средигорненский» ЖШС директоры Петр Дяглев асылтұқымды мал басын арттыруда бағындырған жетістіктерінен ақпар беріп, серіктестік базасында 600 орындық автоматтандырылған сауын залын салуды қолға алғандарын жеткізді. Облыс әкімі диқандарға астық жинау жұмыстары кешігіп басталса да, үлгеруге болатынын айта келе, астық өнімділігін арттыру керектігін айтты.
– Біз 2010 жылғы жиын-теріннен сабақ алуымыз қажет. Егін шығымды болды деп шалқадан жатуға болмайды. Өйтетін болсақ, еңбек еш кетеді. Жаз болса бітті. Сол үшін әр аудандағы астық жинау науқанын бақылайтын өкілдерді бекітуді жөн деп таптық. Жаз ерекше ылғалды болса да, гектарынан орта есеппен 20 центнер астық алу деген осындай құнарлы жер үшін обал. Мәселен, сіздермен әлеуеті қарайлас Глубокое ауданында егін өнімділігі гектарына 48-50 центнерге дейін жетеді деп отыр. Сондықтан құнарлы жердің қадірін қашырмай, барынша тиімді пайдалану қажет, – деді облыс басшысы.
Есімжан Нақтыбай