KZ
Өскемен
+21°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОБ
443.35 475.54 4.82

Орманды өрттен қорғауға қаншалықты әзірміз?

21.07.2013, 18:00 227


2006 жылы 3 қазанда дала өрті орманға тиіп, Беген орман филиалының орталық бөлігін өрт шалған еді. Сол кезде адамдар қатты зардап шегіп, бүкіл қазақстандықтар жұдырықтай жұмыла көмектескен-ді. Сондықтан да осындай оқиғаны алдағы уақытта болдырмау үшін Семей орманында оқу-жаттығу шаралары ұйымдастырылды.

Жаттығу алаңы ретінде «Семей орманы» резерватының Морозов филиалындағы Полян орманы және «Ертіс орманы» резерватының Бесқарағай орманымен шектесетін Шолдай орманшылығы, Алтай өлкесінің Степно-Михайловск орман шаруашылығының бір-бірімен шектесетін тұстары таңдалынып алынды.

Таңдалынып алынған бұл жерлер тақтайдай тегіс емес, қиын-қыстау тұстары өте көп. Биіктіктер, құмдауыт тұстар және қарағайдың әр түрлері мен әркелкі өскендері жеткілікті. Техниканың кез келген түрлері өте бермейді. Жәй көліктерден бөлек шынжыр табан техникалар да осында әкелінді. Жаттығуға «Семей орманы» резерватының мамандары, Павлодардың және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлімдері, Ресейдің осы саладағы мамандары қатысты. Сценарий бойынша әуелі найзағай жарқылынан өрт тұтанды. Яғни, жаяу келе жатқанда түтін иісі сезілген, он минуттан соң өртті бақылау мұнараларынан оқиғаны растаған хабарлар келді. 161-інші аумақта орын алған оқиғаға алғашқы көмектер мен ПЧ-54 жабдықтары жеткізілді. Бірақ олар өрт шалған жерге жеткенше әуе арқылы МИ-2 және МИ-8 тікұшақтары Бөкебай орманшылығының авиабөлімінен ұшып шықты. Бұл тікұшақ-тарда өртке бірінші болып ұмтылатын десантшылар отыр.

Міне, осындай батыл әрекеттерімен олар отты ауыздықтауға көшті. Мақтануға тұрарлық жағдай. Десантшылардың барлық жабдығы 35 келіден астам, десантшылар мен орманшылар тізе қосып қимылдауда. Өрт ор-манның төмен тұстарында, жоғары бөлігін де шарпыған. Қауіптілігі сонда Алтай өлкесі мен Бесқарағайдың Ерназар ауылына жетуі мүмкін. Жағдай нақты анықталғаннан кейін ол жерге Төтенше жағдай министрлігінің құтқарушы парашютшілері тікұшақпен келіп жетті. Бұл де-санттық топ 2001 жылы құрылған. Құрамына облыстың ең үздік парашютшілері жинақталған. Бұдан өзге арнайы көлікпен «Семей орманы» резерватының Долон, Бөкебай, Канонерка орман шаруашылықтарының жеке құрамдары да оқиға орын алған жерге шұғыл жетті. Олар соқасы бар трактордың көмегімен жоғарыдағы минералдандырылған жолақтағы өрттің қалдықтарын өшіріп жатыр.

Ал төбеде қиқулап ұшқан тікұшақтар көрші Ерназар ауылынан су толы цистерна ыдыстарын жеткізуде. Бірақ қатты жел оған мүмкіндік бермеуде. Сондықтан бұдан да көп техниканы жұмылдырып, адамдардың санын көбейту қажет. Сәт сайын құтқарушылардың легі көбейіп келеді. Ал өртенген жер 50 гектарды қамтыды. Штаб бастығы, «Семей орманының» бас директоры Мақсат Елемесов облыстың төтенше жағдайлар департаментінің қосымша күштерін қосуды жөн деп тапты. Ал бір сағаттан кейін Павлодардан да осындай күштер келіп жетпек. Өрт қаупінің алдын алу үшін Алтай өлкесінің мемлекеттік шекарасына Степно-Михайловск орман шаруашылығының орманшылары мен өрт сөндірушілері де келіп жетті. Осылайша өрт сөндіретін жерде 4 майдан алаңы жасақталып үлгерді. Біріншісінде барлығы Ерназар ауылының тұрғындарын құтқарумен айналысуда. Екінші бөлімнің батырлары тұтанған өртті Ресей Федерациясының аумағына жібермеу үшін арпалысуда. Үшінші бағытта шығысқазақстандықтар мен керекуліктер бірігіп, өртті солтүстік бағытқа жібермеуге тырысуда. Оларға ресейлік әріптестері көмектесуде. Ал төртінші бағытқа біріккендер «Семей орманы» Сосновка орман шаруашылығына қарай өрттің бет алмауына қам-қарекет жасауда. Өрт сөндіру оқу-жаттығуына медицина орталығының мамандары да атсалысты. Олар өрттен зардап шеккен Ерназар ауылының тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсетті.

– Қазақстанда орманды сақтау, өрттен қорғау жұмыстары жақсы жолға қойылған, – дейді Алтай өлкесінің орман қорғау басқармасының бөлім бастығы Александр Зверев. – Біз қазақстандық әріптестеріміздің жақсы техникалармен жабдықталғандығының куәсі болдық. Ал мұндағы жұмыс істейтін жастар – өз ісінің кәсіби мамандары. Тек өткен жылы ғана шекаралас тұста оншақты өрт оқиғасы орын алды. Оны сөндіруге қазақстандықтар да, ресейліктер де бірігіп атсалысты. Алдағы уақытта да бір-бірімізге көмектесеміз деп ойлаймын. Өйткені, орман – табиғат байлығы.

Раушан Нұғманбекова
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив