Есірткі курьері: Olx сайтынан 4 мың хабарлама табылды
фото: depositphotos.com
Қазақстанда осы жылы есірткіге қатысты 20 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелсе, 549 есірткі өткізу жағдайына жол берілмеген.
Олардың үштен бірінде қылмыскерлер интернет желісі арқылы әрекет жасаған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрсұлтан Байтілесовтің сауалына берген жауабында Қазақстанда нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қалай іске асырылып жатқанын мәлімдеді.
Оның сөзінше, ағымдағы жылы 20139 қылмыстық есірткі құқық бұзушылығы анықталып, оның ішінде 549 өткізу фактісі жойылды. Олардың үштен бірінен астамын (169) қылмыскерлер интернет арқылы жүзеге асырған.
Сондай-ақ есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың 156 фактісі тоқтатылды. Қазақстанда синтетикалық есірткіні жеткізумен және сатумен айналысатын алты ұйымдасқан қылмыстық топ жойылған. Оның ішінде бір трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топты ұйымдастырғаны және қатысқаны үшін 11 қылмыстық іс қозғалды.
20 нарколаборатория анықталса, оның 8-і синтетикалық есірткі өндірісі бойынша және 12-сі фотолаборатория бойынша. 129 кг есірткі және 390 литр прекурсорлар тәркіленген.