Өскемендегі Бәйтерек неге көшірілді?
Өскеменнің Бәйтерегі бұрынғы орнын өзгертіп, басқа жаққа көшірілді. Ешкімге зияны жоқ Бәйтерек көшіріледі дегенге ел елең ете қалды. Сөйтсек, оның да өзіндік кілтипаны бар екен.
Негізі себеп – жиырма екі тонналық «алып ағаш» табанынан өтіп жатқан қаланың су жүйесіне қауіп төндіре бастаған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Біздің халық үшін Бәйтерктің түп тамыры аңызбен астасып жатыр. Сондықтан да болар еліміздегі ең үлкен Бәйтеректі көріп қайту бала біткеннің арманына айналған еді. Жалпы Бәйтерек орналасу орнымен және композициялық құрылысымен ежелгі көшпелі халықтардың космогониялық наным-сенімдерін көрсетеді. Аңызға сүйенер болсақ, Бәйтерек көктеп тұрған аумақта әлемдердің тоғысы бар деседі. Міне, осындай наным-сенімнің және арман-мақсаттың жетегімен еліміздегі екінші Бәйтерек Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында 2010 жылы бой көтерген болатын.
Бұл – еліміздегі Бәйтеректің ең ірі көшірмесі. Жалпы құрылыстың салмағы – 22 тонна, биіктігі – 28,5 метр. Бәйтеректің негізгі биіктігі – 11 метр, салмағы – 15 тонна. Жалпы құрылысты салмағы 4 тонна болатын 10 метрлік тәж қоршап тұрса, ал басындағы алтын түсті шардың салмағы үш тонна шамасында. Бәйтеректі алудың бір себебі осы салмақта екеніне соңыра тоқталамыз. Облыс орталығындағы бұл сәулет нысан 14 жылдан бері қалаға сән беріп тұрған болатын.
Мұндай Бәйтерек көшірмелері бізде ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде орнатылған болатын. Атап айтар болсақ, 2011 жылдың желтоқсан айында Риддерде биіктігі 24 метрлік Бәйтеректің кішірейтілген көшірмесі орнатылған. Ал Екібастұз қаласының 50 жылдық мерейтойына орай шаһарда кішігірім Бәйтерек бой көтерсе, 2018 жылы Қостанай облысында биіктігі 15 метрлік Бәйтерек орнатылған. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарында Бәйтеректің көшірмелері бар.
Биіктігі 97 метр болатын еліміздегі ең үлкен Бәйтерек 2003 жылы Астана қаласында орнатылып, әлі күнге дейін қала қонақтарының қызыға тамашалайтын орындарының бірі болып келеді.
Бәйтеректің астында тіршілік көзі бар
Ендігі кезекті елді елең еткізген Бәйтерек монументін көшіру себебіне тоқталайық. Мамандардың айтуынша, аталған сәулет нысанының астында қан тамырындай тарам-тарам су құбырлары өтіп жатыр. Бұл Бәйтерекке нәр беретін емес, қала халқына әл беретін тіршілік көзі. Ал орнатылғанына 10 жылдан астам уақыт болған алып монумент жылдар өте біртіндеп шөге бастаған. Енді оны алып тастамаса қаланың тіршілік көзі болып тұрған су құбырларына зақым келтіруі мүмкін. Сондай-ақ Бәйтерек монументі орналасқан сақина аумағында екі бірдей жылу камерасы орналасқан.
Мамандардың айтуынша, Бәйтерек орналасқан аумақтағы сақина көліктердің қозғалысын ғана реттеп тұрған жоқ, бұл жерде бір-бірімен қиылысқан көптеген су құбыры жатыр. Байтеректің астымен ондаған мың халықты сумен қамтамасыз ететін су және кәріз құбырлары өтіп жатыр. Монумент жер астына шөккен сайын осы құбырларға қауіп төне бастады. Мамандар дабыл қағып отыр. Сонымен қатар осы сақинаның ішінде екі жылу камерасы тұр, екі үлкен құбыр өтеді. Бұл тұрғындарды ыстық сумен, жылумен қамтамасыз етеді. Ол құбырларға зақым келсе, 29 мың абонент, яғни 70 мың адам жылусыз, ыстық сусыз қалуы мүмкін.
Қала тұрғындары үшін символикалық мәнге ие Бәйтерек енді этносаябақтың ішіне көшіріледі делінген.
Сонымен қатар қала тұрғындары Бәйтерек монументін айналып өтетін шеңберлі жолды ретке келтіру керектігін үнемі айтып келеді. Өйткені ол жерде жол-көлік оқиғасы жиі болады. Темір тұлпарды жаңа тізгіндеген жас шопырларды қойып, көп жылдық тәжірибесі бар әккі көлік тізгіндеушілер де айналма жолға келгенде абдырап қалады. Бұл мәселені реттеуді қаланың бас жоспарын талқылау барысында аймақ басшысы Ермек Көшербаев қала әкіміне тапсырған болатын.
Жалпы қаладағы жолдарды ретке келтіру жұмысы жыл сайын жүргізіліп келеді. Біз тілге тиек етіп отырған аумақтағы жол ағынын реттеу мақсатында Ертіс көпірінің астынан өтетін жол салынып жатыр. Ол жол Пермитин көшесі мен Славский жағалауын жалғайды. Осылай алдағы уақытта аталған аумақтағы жол қозғалысы біршама ретке келтірілмек.
Ал Бәйтерек көшірмесін көрем деген жұрт оны енді сол жағалаудағы этносаябақтан барып тамашалай алады.
Мамандардың айтуынша, Бәйтеректің ендігі орны этносаябақ болмақ. Қазір облыстық мәдениет басқармасымен жұмыс істеп жатырмыз. Бәйтерек көшірілетін болады. Ал оның орнына не қоятынымыз әзірге белгісіз. Архитекторлар бірнеше ұсыныс енгізді. Оның ішінде Мемлекеттік Туды орналастыру туралы ұсыныс бар. Алдағы уақытта мамандармен ақылдаса отырып шешетін болады.
Сондай-ақ әлеуметтік желіге тұрғындар бәйтеректің қазір қайда екенін сұрап жазып жатты. Біз жауапты мамандардан оны да сұрап көрдік.
Уақыт көші ығыстырып тастаған салт-дәсүр, әдет-ғұрыптарымыз бен мәдени құндылықтарымыз баршылық емес пе. Оның қасында Бәйтерек монументінің этносаябаққа көшірілуі заңдылық тәрізді. Түптеп келгенде, бұл – қала тұрғындарының қажеттілігі жолында атқарылып жатқан шаруалардың бір легі.
Пікір
Түсіпхан Түсіпбеков, қоғам қайраткері:
- Елдің тарихынан сыр шертетін ескерткіштер мен мәдени нысандардың әр өңірде болуының маңызы зор. Алайда олардың уақыт сүрлеуінен өтуі де заңдылық деп ойлаймын. Өскемен қаласындағы Бәйтерек монументінің көшірмесі осыдан 14 жыл бұрын қойылған. Осы уақыт аралығында қала тұрғындарының көзайымына айналып үлгерді. Сондықтан да болар кейбір адамдардың алып тастауға қимай жатқаны. Бірақ Бәйтерек көшірмесінің салмағы 22 тонна екен. Оның астында жатқан су құбырларына зақым келтіруі әбден мүмкін. Сол себепті орнынан көшіргелі жатқаны түсінікті. Одан бөлек көлік кептелісін азайту мақсатында сол аумақтағы жолдар да реттелмек екен. Ендігі кезекте Бәйтеректі қала ішінен қолайлы орын тауып қойғаны дұрыс болады. Қалай болғанда да Бәйтерек біздің санамызға сіңіп, оның аңызы жадымызда жатталып қалған мәдени құндылықтарымыздың бірі. Сондықтан да түбегейлі алып тастауға болмайды.
Нәрінбек Хабиұлы, кәсіпкер:
- Біз мәдени құндылықтарға құрметпен қарай білуіміз керек. Мысалы, Эйфель мұнарасына әлем жұрты құрметпен қызыға қарайды, арнайы барып тамашалайды. Сол сияқты еліміз егемендік алғаннан кейінгі қазақ халқы арнайы барып көруді армандайтын мәдени құндылықтардың бірі – Бәйтерек монументі болды. Алайда кейін оның көшірмесін жасап анда-мұнда қоя бастадық. Оның барлығы көрген адамның қызығушылығын арттыратындай керемет деңгейде қойылды деп айта алмаймын. Бағасын арттырамыз деп, қадірін кетіріп алғандай болдық. Сондықтан ендігі кезекте осындай мәдени дүниелердің бәсін биіктетеміз деп, бағасын түсіріп алмауымыз керек. Біздегі Бәйтерек көшірмесін қажеттілік болғандықтан алып тасатағанын естіп жатырмыз. Енді оны сол қалпы жоқ қылып жіберсе, Бәйтеректі құлатқандай боламыз ғой. Қаланың көрікті жерлерінің біріне апарып қойған дұрыс деп ойлаймын.
Арайлым Есімбекова, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты:
- Егер балаларға егемендік туралы сурет сал десеңіз, Бәйтерек монументін салады. Себебі «Бәйтерек» тәуелсіздіктің символы ретінде санамызға сіңген мәдени құндылықтардың бірі. Сондықтан біз Бәйтеректің қадірін кетіріп алмауымыз керек. Тұрғындар қажеттілікке байланысты Бәйтерек көшірмесінің көшіріліп жатқанын түсінеді деп ойлаймын. Қала әкімі бәрін айтты, түсіндірді. Ендігі кезекте оны тұрғындар көп баратын жерлердің біріне қойған дұрыс шығар. Біздің қалада көрікті жерлер, парктер мен аллеялар өте көп қой. Бәйтерекке қаланың қай жерінен де орын табуға болады. Тәуелсіздіктің символы ретінде жас ұрпақтың санасына сіңген мәдени құндылығымыз далада қалмайды деп ойлаймын.