Жарма ауданында 117 млн. теңгені құрайтын төрт инвестициялық жоба іске асырылды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
«Қалбатау» асыл тұқымды мал зауытында ірі қара малын сатып алу, Жаңғызтөбе кентінде шағын құс фермасының қуаттылығын арттыру, Қаратөбе, Қалбатау ауылдарында сүт қабылдау пункттерін ашу, Үшбиік ауылындағы «Сейілхан» шаруа қожалығында қосымша дайын өнім өңдейтін цех ашу жобалары іске асырылды.
Былтыр төрт елді мекенде мал қорымдары (биотермиялық шұңқырлар) салынса, биыл тағы төрт елді мекенде осындай орындар дайындау жоспарланған.
Өнімділікті арттыру шараларын жалғастыра отырып, биыл қосымша үш асыл тұқымды шаруашылық ашу қарастырылуда. «Шалабай асыл тұқымды мал зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2016 жылға дейін ірі қара мал басын алты мыңға жеткізуді жоспарлап отыр.
Биыл бірінші жартыжылдықта өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда ірі қара саны 2,3, жылқы 5,5 пайызға өсіп, қой мен ешкі де көбейіп келеді. Сондай-ақ, салыстырмалы мерзім аралығында ет өндіру 3,3, сүт 1,6, жұмыртқа 2,6 пайызға өсті.