KZ
Өскемен
-3°
туман Штиль
485.04 525.98 5.04

Жаңа технологиямен ұзындығы 72 метр плита құюға болады

11.06.2013, 18:00 212


"СМУ-Шығыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Шығыс Қазақстанның құрылыс материалдарына деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында аталмыш өндіріс кластерін құрды. Мұндағы құрылыс материалдары кластеріне темір ұстаханасы, керамика кірпіш зауыты, металпластик өндірісі мен темір-бетон өңдеу цехтары кіреді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Аталған кірпіш зауыты жылына бес млн. дана кірпіш өндіруге қауқарлы болса, металпластик цехы жылына 12 мың шаршы метр бұйым өңдейді. Ал былтырға дейін жылына үш мың текше метр темір-бетон өндіріп келген цехта 2012 жылы жаңа серпін пайда болды. «СМУ-Шығыс» ЖШС облыста бірінші болып әртүрлі көлемдегі бетон плиталарды құюды жолға қойып отыр.

«Темір-бетон бұйымдары» зауытын жаңғырту және кеңейту» деген жоба еліміздің Индустрияландыру картасына енгізілген. Жаңа цехтың ғимаратын тұрғызып, қондырғылар орнатуға өз қаражаттарынан 350 млн. теңге шығарса, мемлекет бюджетінен 170 млн. теңге инфрақұрылым түзуге бөлінген. Ресейлік технологияға негізделген өндіріске аталмыш елдің құрылғылары да пайдаланылуда.

Жаңа технологияның басты артықшылығы еңбектің өнімділігін күрт арттыруында. Бұрындары мұндай өндірістің басында ондаған адамдар жүруі қажет болса, қазір жоғары өнімді құрылғылардың арқасында даңғарадай цехтың жұмысын дөңгелетуге тоғыз-ақ адам жеткілікті. Технологияның екінші артықшылығы әмбебаптығында. Ескі тәсіл бойынша әр көлемдегі бетон плиталар мен діңгектер құю үшін жеке-жеке құрсаулы қалып дайындалатын.

Ал жаңа тәсіл үшін ешқандай қалыптың қажеті жоқ. Барлық плита мен діңгек бір ғана құрылғының көмегімен 72 метрлік арнайы рельсте құйылады. Қазір цехта мұндай рельстің екеуі бар. Рельстің ұзын бойына әуелі құйылатын діңгектің немесе плитаның пайдалану сипатына қарай саны мен өлшемі есептеліп, арматура тартылады. Мұндай жоғары қысымға төзімді арматуралар әзірге Қазақстан бойынша шығарылмайтындықтан, оларды тағы да Ресейден алуға мәжбүр. Тартылған арматуралар арнайы тетіктің көмегімен қажетті жуандықта созылады. Рельстің астыңғы бөлігіне арматура мен құйылатын цементті қыздыру жүйесі жалғасқан. Осылайша бір жолда ұзындығы 72 метрге жететін плита құюға болады.

Бұл құйылған тұтас плитаны пайдалану сипатына қарай әртүрлі ұзындық пен жалпақтықта қиып алуға да болады. Ол үшін арнайы құрылғы қойылған. Осы тәсілдің арқасында құрылыс материалының өзіндік құны арзанға түсіп отыр. Үшінші артықшылығы барлық өлшемдер компьютердің көмегімен қойылып, орындалатынында. Электронды өлшеу жүйесі дәлдіктің кепілі деген сөз.

Келесі бір артықшылық мұндағы өндіріс ошақтарының бәріне ортақ. Өндіріске пайдаланатын шикізат пен шығарған өнімнің сапасын тәуелсіз зертхана ұдайы тексеріп отырады.

Цехта жалпақ плитадан бөлек жоғары қысымды діңгектер, іргетас блоктары мен «Г» пішінді плиталар құйылады. «Г» пішінді плиталар Зайсан ауданының Кендірлік суару жүйесінің сол жақ тармағын реконструкциялауға пайдаланылғанын айтады «СМУ-Шығыс» ЖШС директоры Қуатбек Әбжанов.

Жоба толықтай жүзеге асып, жаңа цех бір жылдың ішінде өзінің 100 пайыздық қуат күшіне енген.


Есімжан Нақтыбайұлы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив