KZ
Өскемен
+4°
пасмурно жел 1 м/с, С
485.04 525.98 5.04

«Үржар ханшайымы» біздің жыл санауымызға дейінгі IV-ІІІ ғасырларда жерленген (+сурет)

6.06.2013, 18:00 292


Ағымдағы жылдың мамыр айында Ә.Марғұлан атындағы Археология институты Үржар экспедициясын бастап, үлкен олжаға кенелді. Зерттеуші ғалымдар Таскескен - Бақты жолындағы қорғаннан сақ заманындағы патша қыздың мүрдесін тапты. Ғалымдар оған «Ұржар ханшайымы» деген атау беріп, жерлеу орнының бұзылмай жақсы сақталуын үлкен сәттілік дейді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

«Үржар ханшайымы» біздің жыл санауымызға дейінгі IV-ІІІ ғасырларда жерленген (+сурет)Елімізге танымал археолог Темір Смағұлов басқарған экспедицияның мүшелері Семей мемлекеттік педагогикалық институтының (СМПИ) профессоры, белгілі тарихшы Амантай Исин, археолог, суретші Георгий Пересветов, археолог Талғат Айлыбаев, сонымен қатар, СМПИ және ПМПИ (Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты) студенттері, Семей қаласының Жас Ұлан лицейінің оқушылары болды.

Профессор Амантай Исиннің басқаруындағы СМПИ тарих-филология факультетінің 3 курс студенттері Абылхайдаров Сырым, Арғынбаев Мансұр, Бектұрыс Мереке, Бықышқызы Гүлгина, Дауконова Раушан, Исабай Айқын, Касимова Меруерт, Құрманғалиев Арман, Қызырхан Ерлік, Нұрмұханов Жұлдыз, Ысқақов Алмас және «Жас Ұлан» лицейінің оқушылары Ахметов Әли, Тәуірбаев Дәуреннің еңбектері үлкен. Жас археологтар қорған құрылысын қазу кезінде зерттеу әдістерімен танысып, ханшайымды тазалау жұмыстарына белсене қатысып қайтты. Осындай тарихи оқиғаға қатысып отырған студенттер қазба жұмыстарын таңсәріден қас қарайғанша жүргізді. Олар белгілі реставратор Қырым Алтынбаев келген соң шұңқыр қабырғаларын жан-жағынан көлемдетіп кеңейтті.

«Үржар ханшайымы» біздің жыл санауымызға дейінгі IV-ІІІ ғасырларда жерленген (+сурет)Айта кетсек, зерттеуші ғалымдар Таскескен - Бақты жолындағы қорғаннан сақ заманындағы патша қыздың мүрдесін тапты. Ғалымдар оған «Ұржар ханшайымы» деген атау беріп, жерлеу орнының бұзылмай жақсы сақталуын үлкен сәттілік дейді. Бұл үлкен олжа әйгілі Есік қорғанындағы Алтын адамнан кейінгі екінші соған ұқсас ескерткіш болып отыр.

Сондай-ақ, археологтар қорғанның жоғарғы тұсынан тағы бір адамның мүрдесін тапты, олардың пайымдауынша ол ханшайымның қызметші құлы не болмаса құрылыс аяқталғаннан кейін құрбандыққа шалынған адам болуы мүмкін дейді.

«Үржар ханшайымы» біздің жыл санауымызға дейінгі IV-ІІІ ғасырларда жерленген (+сурет)«Үржар ханшайымы» табылған ескерткіш біздің жыл санауымызға дейінгі IV-ІІІ ғасырларға жатады. Салтанатты киімімен жерленген жас әйел сол кездегі патшаның зайыбы, бәлкім қызы болуы да мүмкін. Ханшайымның сол аяқ жағындағы шұңқыр бұрышында ағаш табақ, ішінде қой жамбасы салынған керамикалық қазан, тағы бір керамикалық ыдыс табылып отыр. Әшекейлердің ішіндегі ең маңыздысы – бас киімі. Жас әйелдің ханшайым болғаны туралы тұжырымды ғалымдар негізінен соған сүйеніп жасап отыр. Ол алтынды «мүйіз» ою-өрнегімен безендіріліп, алтын және бағалы тастар мен көмкерілген. Келбеті мен өрнегі жағынан сәукелеге ұқсас. Сонымен қатар, алтыннан жасалған сым сырға, салпыншақтары да бар. Археологтар бұл жәдігерлердің барлығы өткен тарихтан мол мәлімет беретінін айтып отыр.

Бұл күндері зерттеушілер мен жас археологтар «Үржар ханшайымын» киім қалдықтарымен монолит түрінде тұтас алу жұмыстарын жүзеге асырды.

Анар Қуанғалиева

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив