KZ
Өскемен
+23°
небольшой дождь жел 6 м/с, В
471.46 504.79 5.53

Гүл өсіруге неге шамамыз келмейді осы?

25.04.2012, 18:00 343


http://foto-cvety.narod.ru/images/flowers004.jpg Жігіт ағасы гүлге ақшасын жеткізе алмай тұр. –«Кішкене бағасын түсірсеңізші» дейді көзі көк қарындасына жалынғандай болып. Апыр-ау, бес тал гүлдің осыншама қымбат боларын білмеппін... Бірақ бойжеткен міз бағар емес. – Бүгін мейрам, гүл сіз алмасаңыз да жақсы өтеді...
Гүл емес, қияр егеміз...
Иә, гүл - жақсы өтетін тауар. Гүл бизнесі – табысты сала. Гүл сатып ақшаға белшеден батуға болатынын бірде еліміздегі Ұлттық банктің төрағасы Г. Марченко да айтып қалды.
-Егер кедендік үштік одақтың жұмысы дұрыс жолға қойылса, біздің ел көп нәрседен ұтады. Мысалы қазақстандықтар Мәскеудің гүл нарығындағы азербайжандарды ығыстырып, көп ақша жасай алады, -деді ол журналистерге берген сұхбатында. Марченконың бұл ниеті әрине құптарлық. Десек те Мәскеуді емес, ең алдымен өз нарығымызды жарылқап алсақ та көп олжа болар еді.
Осы орайда шынында да көкейде Қазақстанда гүл бизнесі қалай қанат жаюда деген заңды сұрақ пайда болады. Қарасақ, гүл бизнесінің де гүлденіп тұрғаны шамалы секілді. Мұнда да сол анадан алып, мынаған сату кең етек жайған. Кейбір мәліметтерге қарағанда, елiмiз жыл сайын 16 млн. доллардың гүлiн сырттан тасып әкеледі екен, яғни бұл нарықтағы гүлдердің 90 пайызы деген сөз. Мысалы, биылғы 8-наурыз - қыз-келіншектер мерекесі қарсаңында Астанаға шетелден 14 мың тонна гүл әкелiніпті. Осылайша біз Израильдің, Германияның, Голландияның, Австрияның гүл өсірушілерін қырғын ақшаның астында қалдырған екенбіз.
Бір кездері қырмызы қызғалдақтың отаны болған Қазақстанның гүл саласындағы «жетістігі» әзірге осы болып тұр. Ал өзіміздің елде гүл шаруашылығын дамытуға неге ден қоймасқа? Мұхиттың арғы жағында өсетін гүлдерге мойнымызды созғанша, мұрнымыздың астында жатқан жерлерге жылыжай салып неге гүл өсіріп, пайда таппасқа? Өкінішке орай, бұл саланы дамытуға, қолдауға біздегі қалталы азаматтардың ықыласы да, ниеті де жоқ екенін байқаймыз. Бір ғана мысал келтіретін болсақ, былтыр Өскемен қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Тоқтарбек Мағзұмов бізді 2010 жылы, яғни биыл Соградағы жылыжай кешенінде гүл өсіретін блок іске қосылады деп қуантқан болатын. Таяуда осы гүл өсіретін блоктың жайын сұрап, ол кісіге телефон шалдық. «Болмайтын болды. Инвесторлар қаржыландырудан бас тартты», - деді Т. Мағзұмов. Сөйтіп, ол жерге гүл емес, қияр егілетін болыпты. Мұны естіп, көңіліміз су сепкендей басылды. Әрине, қияр да жақсы ғой. Біреулер Қытайдан әкелінген қиярды емес, өз қиярымызды жеп қарқ боламыз деп қуанып та жатқан болар. Бірақ облыста гүл шаруашылығын дамытуға бағытталған әдемі жобаның ерте желкесінің қиылғаны тым өкінішті. «Гүл деген –шөп қой, шөп деген көп қой» дейді біреулер әзілге бұрып. Бірақ сол «шөпті» өсіруге шамамыз келмей жатқаны рас.

Қолтықтан демер күн қайда?
Иә, сонымен өскемендіктердің өз гүліміз болса деген үміті неге ақталмады? Инвестор ақшасын бұл салаға салудан неге бас тартты? Әрине, мұның да себебі түсінікті. Гүл - қымбат бизнес. Тәуекелі тым жоғары. Гүл өсіріп, қыруар пайда табуға да, бір күнде тақырға отырып қалуға да болады. Қазіргі қаржылық дағдарыс кезінде кез келген компанияның ақшасын далаға шашқысы келмейтіні де рас.
- Өзіңнің гүл өсіретін бақшаң, жылыжайың болмаса, бәрі бекер. Шығынға батпаққа батқандай батасың. Біз мына гүлдердің жартысын болсын өзіміз өсіреміз. Кішкене де болсын пайда бар. Ал гүлдерді өздері өсірмейтін, сырттан тасымалдайтын қаладағы гүл дүкендерінің иелері қалай тығырықтан шығады. Таңым бар, - дейді бізбен әңгімесінде Өскемен қаласындағы «Вальс цветов» шағын базарында жұмыс істейтін сатушы апамыз (аты-жөнін атаудан қашқақтады). Қаладағы әуесқой гүл өсірушілердің бас қосатын жері де осы жер екен. Олардың көпшілігі зейнеткерлер мен соғыс және еңбек ардагерлері. – Гүл өсіру, оны баптау машақаты көп жұмыс. Сондықтан бұл жұмысты жастар ауырсынады, - дейді ол.
Өскеменде гүл сататын дүкендер көп. «Камелия», «Крокус», «Нигора», «Ландыш», «Лилия», «Природа», «Цветущий цад», «Экзотика»... Осылай жалғасып кете береді. Гүл сататын дүкендердің нақты санының қалада қанша екенін кәсіпкерлік бөліміндегілердің өздері де білмейді. Десек те гүл бизнесімен айналысатындардың әрқайсысы өз қотырын өздері қасып жатқандары шындық.
Таяуда бір газеттен Ақтөбе қаласында 17 жыл бойы гүл өсірумен айналысатын қарапайым бір отбасының жылыжай кешені мен гүл базарын салу туралы ұсынысы жергілікті биліктің тарапынан қолдау тапқаны туралы оқыдым. Сөйтіп 24 млн. теңгені қажет ететін үлкен құрылыс қаланың инвестициялық жобалары қатарынан орын алыпты. Ал бізде гүл өсірушілерді қолтықтан демер күннің қашан туары әлі белгісіз.

Өскеменге 2,5 миллион тал гүл егіліпті
Биыл жазда облысымыздың орталығы ерекше гүлге оранды. Мұның өзіндік себебі де бар. Қыркүйек айында Өскеменде Қазақстан-Ресей аймақаралық ынтымақтастығының 7-ші форумы өтеді. Осынау маңызды оқиғаға байланысты Өскемен өңдене, ажарлана түсті. Тіпті қалада гүлмен көмкерілген жазулардың да көбейе түскенін байқауға болады. Мысалы, Новаторов көшесінің бойындағы «Өскемен-290-2010», Прохладный шағын ауданындағы жолдың екі жағындағы «Астана» мен «Москва» жазулары шынында көрген көзді қуанышқа бөлейді.
«Өскемен қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бастығы Жандос Байырхановтың айтуынша, былтырғыға қарағанда үстіміздегі жылы 3-4 есе гүл көп егіліпті. Шамамен 60 мың шаршы метр жерге гүл отырғызылған. Бұл дегеніңіз, сүйікті қаламыздың топырағына 2,5 миллион тал гүл шаншылды деген сөз. Өкінішке орай, осынау гүлдердің жартысынан көбі сырттан әкелініпті. Алматы, Шымкент, Көкшетау, Астана секілді қалалардағы питомниктерден тасылған гүлдер қазір қаламызға сән беріп тұр. Әрине, олардың арасында өзіміздің қаламызда да дайындалған гүлдер бар. Бірақ «Озеленитель» ЖШС әзірлеген гүл көшеттері бүкіл қалаға жетпейтіні түсінікті.
- Гүл қай уақытта болсын өте керек нәрсе ғой. Туған қаласының гүлге оранғанын әр тұрғынның жақсы көретіні де рас. Бірақ сол гүлдерді тұрғындардың өзі неге отырғызбасқа? Бізде керісінше қаланың шеткі аудандарында тұрғындардың өздері көшеде өсіп тұрған гүлдерді ұрлайды, - дейді Жандос Бақтыбекұлы қынжылып.
«Сөйлейтін гүлдер» сұранысқа ие
Көктемде еліміздің бас қаласында «Аstana Flor Eхpo – 2010» атты халықаралық гүл көрмесі болып өтті. Германия, Италия, Колумбия, Голландия, Ресей секілді 50-ден астам елдерден келген гүл өсірушілер мен ландшафтық дизайнерлер гүл шаруашылығы мен саябақтарды көгалдандырудағы әлемдік жетістіктерді паш етті. Жалпы халықаралық бұл көрменің біздің елімізде өтуінің өзі қазақстандықтардың гүлге деген биік көзқарасының қалыптасып келе жатқанының айқын айғағы болса керек. Жалпы гүл нарығы жаңалықтан да құр алақан емес. Қазіргі күні еліміздің гүл нарығында «сөйлейтін гүлдер» пайда болды. Осыдан он жыл бұрын АҚШ-та ал, бес жыл бұрын Ресейде пайда болған идея бізге де жетіпті. Гүл сатушылар қазір «Мерейтойыңмен», «Туған күніңмен», «Шаңырақ құруыңмен», «Тек сені сүйемін», «Кешірші, жаным», «Ұл сыйлағаныңа рахмет!» дегендей жабыстырмалары бар гүлдердің зор сұранысқа ие екенін айтады. Керек десеңіз, қараңғыда жабыстырмалардың кейбірі айналасына сәуле шашып тұрады екен. Күннен, электр шамынан бойына қуат жинағандары 3-4 сағатқа дейін шыдайтын көрінеді. Бір өкініштісі, «сөйлейтін гүлдердің» де тілі көбіне орысша. Флористер қазақ тіліндегі тапсырыстардың тым аздығын айтып ақталады.
Гүл – өтімді тауар. Әсіресе, мейрам кезінде гүл іздеушілердің қатары тіпті көбейіп кетеді екен. Гүл сатушылар қай мейрамда қай гүлге көп тапсырыс беруді де жақсы біледі. Мысалы 8 наурызда қызғалдақтар жақсы өтетін болса, 8-9 мамырда қалампыр гүліне сұраныс көбейеді. Ал Білім күнінде бақытгүлін талап әкетеді екен. Гүл сатушылар үшін мейрамның көп болғаны қажет-ақ. Олар шақырылмаған құдайы қонақ болып келіп, еліміздегі санаулы мереке күндерінің қасына қонжиып алған Әулие Валентин күнінде де гүлдерін қуана сатады. Тіпті бұл күннің тез арада 8-наурыз секілді мейраммен теңесіп үлгергеніне де разы.

Сөз соңы

Иә, қанша қарасақ та көзіміз тоймайтын, сұлулыққа іңкәр көңілімізге бір сәт болсын қуаныш сыйлайтын сиқырлы гүлдер жайлы мақаламызға да нүкте қоюға мәжбүрміз. Кезінде қызғалдақтың отаны болған елімізде гүл бизнесінің жайы, өкінішке орай, осындай. Гүл нарығындағы отандық өнімнің үлесі 10 ғана пайыз. Бұл бизнеске жоғарыдан қолдау болмаса, біздің әлі де жақындарымызға өзге елдің гүлдерін сыйлай беретініміз анық.

Мейрамтай Иманғали

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив