Өскемен қалалық мәслихатының депутаттары Жаңа Согра кентінде 15 шырша отырғызды. Облыс орталығында шаһарды тазалау мен абаттандыру жұмыстары басталып кетті. Сенбілікке қалалық және облыстық мекемелердің 500-ден астам мемлекеттік қызметкерлері, 3 400-ден астам қалалықтар шықты , деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Келесі сенбіде біз Гагарин бульвары бойында ағаштар отырғызбақпыз. Ескі теректердің орнына шырша, аққайың сияқты ағаштардың көшеттерін егеміз. Өскеменнің көшелері осылайша жасыл желеккке орнып, көріктене түсетін болады» дейді «Жас Отан» жастар қанатының көшбасшысы.
Алғашқы сенбіліктің өзінде қала сыртына тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстар тонналап шығарылды.
Депутаттар көшеттерді отырғызып қана қоймай, оларды өз қамқорлықтарына алуды ұйғарды. Қала қалаулылары көшеттерді достарының балаларының, немерелерінің есімдерімен атап, жас желектерді суарып, күтіп-баптауға шешім қабылдады. Осылайша бір сағатқа жетер-жетпес уақытта Новая Согра кентінде атаулы аллея отырғызылды.
Тазалық айлығының шеңберінде облыс орталығында мыңдаған көшеттер мен желектер егілмек.