KZ
Өскемен
+9°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, В
443.37 474.49 4.83

Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко ШҚО-дағы су тасқынының алдын алу мәселелерін пысықтады

5.03.2013, 18:00 178


Аймағымызға жұмыс сапарымен келген Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев бірге бірқатар елді мекендерде болып, көктемгі су тасқынының алдын алу мәселелерін пысықтады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Соңғы күндері ауа температурасының күрт жылынып кетуі облыс орталығының көптеген көшелерін көлшіктерге айнал-дырып жіберді, ал теріскейдегі ауылдық аймақтарда қасат қар әлі жатыр, жекелеген жерлерде тіпті боран соғып тұр.

– Табиғаттың осы бір тосын жағдайына байланысты біз шұғыл түрде Шығыс өңіріне келіп отырмыз, – деді сапарының мақсаты жайында айтқан Владимир Божко. – Бірнеше министрліктер мен ведомстволар-дың өкілдерінен құралған кішігірім топ облыстағы жағдайды бағамдап, жергілікті басшылармен, тұрғындармен ақылдаса келе бастапқы дайындық шараларын анықтауы тиіс. Жұмыс барысында аймақтың күші мен мүмкіндіктерін зерделеп, қажет болса көмек көрсететін боламыз.

Министр бастаған топ жергілікті билік өкілдерімен және төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен бірге Өскемен–Риддер бағытындағы жолмен жүрді. Олар осы трассаның отызыншы шақырымында аялдап, егіс алқаптарындағы қардың мөлшерін көздерімен көрді. Мұндағы қардың қазіргі биіктігі үш метрге жетеді екен. Бұл – оның біраз шөгіп, еріген кездегі жағдайы, енді күн күрт жылынып кетсе, осы қардың бәрі ағынды өзенге айналып шыға келмек. Себебі, бұл жердегі топырақ суды әбден сіңіріп алған.

Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко ШҚО-дағы су тасқынының алдын алу мәселелерін пысықтадыСу ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев те министрге жердің суға мейлінше қаныққанын, ендігәрі ылғалды сіңіруге шамасы жетпейтінін айтты. Ал қарғын су жолдарды шайып кетуі мүмкін. Осыған орай министр осы алқапқа техника жеткізіп, еріген қар суы ағатын жылғалар жасау қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, барлық өзендердің арналарын қарғын су өтетіндей етіп тазарту керек.

Бұдан соң үкіметтік делегация Глубокое ауданының үш елді мекенінде болды. Секисовка, Быструха және Зимовье ауыл-дарындағы қардың мөлшері министрдің таңданысын туғызды. Осы ауылдардың ішімен өтетін күре жол тазартылған, бірақ жол жиегіндегі төбе-төбе қар жақын маңдағы жер үйлерге қауіп төндіріп тұр. Владимир Божко аталмыш елді мекендердегі бірнеше қар басқан үй аулаларын аралап көрді. Секисовка мен Зимовье ауылдарына биіктен қарасаңыз үйлердің шатырлары мен мұржалары ғана көзге шалынады. Ал қора-қопсылар мүлдем қардың астында қалған.

– Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыс-тарын жүргізу керек, олар өз үйлерінің, аулаларының маңындағы қарды тезірек аршып шығулары тиіс. Олай жасамаса болмайды. Әрине, мұншама қарды тазалау оңай емес, бірақ олар үшін бұл істі ешкім де істемейді. Ауыл әкімдерінің күші жолдар мен көшелерді тазартуға жетуі тиіс, – деді министр.

Синоптиктердің мәліметтеріне қараған-да, бұл өңірге биыл қар өткен жылғы мөлшерден екі-үш есе көп түскен. Тіпті көнекөз қариялардың өздері мұнша мол қарды көрмегенін айтады. Десек те, Секисовка ауылдық округінің әкімі Сергей Сомов және Куйбышев ауылдық округінің әкімі Анна Жерновых егер ақ ұлпа ақырындап еритін болса, аса қауіпті жағдай болмайды деп отыр.

Секисовка ауылында көшелерді аршып, өзен аңғарын тазартуға жергілікті кен игеру кәсіпорнының техникасы жұмылдырылған. Мұнымен қоса, бұл өңірде шағын су қоймасы бар, қарғын судың біраз бөлігі сонда жиналмақ. Барлық арналар мен шлюздер тексеруден өтіпті, олар ойдағыдай жұмыс істеп тұр. Егер тоғандағы су асып бара жатса, төменге жіберіледі. Быструха мен Зимовье ауылдарындағы жағдай күрделірек, Анна Жерновыхтың айтуынша, осы елді мекендердегі төрт көшенің үйлері қауіпті аумақта орналасқан. Еңісте әрі өзенге жақын жатқан бұл үй-жайларда жүз шақты адам тұрып жатыр. Тасқын бола қалған жағдайда оларды эвакуациялаудың іс-жоспары дайындалған. Ал қазір осы қауіптің алдын алу мақсатында арналар қазылуда. Ауылдық округтің бұл жұмыстарға техникасы жеткілікті.

Содан кейін Владимир Божко бастаған топ Өскемен–Самар тас жолы бойымен Ұлан және Көкпекті аудандарына жол тартты. Тарғын ауылына дейінгі аралықтағы жол тап-таза екен. Алайда, атышулы Өміш асуына тақай бере боран басталды. Дәл осы тұста Төтенше жағдайлар министрін облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев күтіп алды.

– Біздің жақтың көктемі осындай, жаңа ғана аспан ап-ашық болатын, аздап жел соғып тұрған-ды, екі шақырымдай жүрген соң қатты боран басталып кетті. Техника жолды қардан тазалауға, ал төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері адамдарды қар құрсауынан құтқаруға үлгермей жатыр. Тек соңғы аптада ғана олар 86 көлікті қалаға дейін жеткізіп салған, – деді Бердібек Сапарбаев министрге.

Көкпекті ауданының әкімі Дүйсенғазы Мусин Өміш асуында министрге ауданда орын алып отырған күрделі жағдай туралы баяндады. Қардың аудандағы орташа биіктігі бір метрдей, ал кейбір ауылдарда одан да асады. Тасқынға қарсы тұратын техника жеткілікті, олардың 56-сы жол мекемелеріне, 117-сі кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарына тиесілі. Алайда, қаржы жетімсіздігі алаңдаушылық туғызуда. Ауданда тек төтенше жағдайлардың алдын алуға және оларды жоюға арналған 58 миллион теңге бар, ол қаражаттың 37 миллионы игеріліп қойған-ды.

Сонымен қатар, жаға бекіту және арна кеңейту жұмыстарына, Көкпекті мен Самар ауылдарындағы қарды шығаруға ғана 317 миллион теңге қаржы қажет.

– Бұл жұмыстарды қайткенде де атқаруға тиіспіз, әйтпесе, 1244 үйі мен 4737 тұрғыны бар 29 елді мекеннің су астында қалуы ықтимал. Сондықтан бұл өңірге Үкімет тарапынан үлкен көмек керек, – деді осы орайда облыс әкімі.

Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко аймақ басшысының пікірімен толықтай келісіп, облыстағы жағдайды Премьер-Министрге жеткізетінін айтты. Сондай-ақ, министр жергілікті атқарушы билік өкілдерін тасқынға қарсы тұру бағытында барлық қолда бар мүмкіндіктерді іске асыруға шақырды.

Ержан Әбіш
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив