KZ
Өскемен
+21°
небольшая облачность жел 3 м/с, ОШ
479.05 534.57 5.17

Қазақстан ирандық ядролық бағдарлама жөніндегі келіссөздердің кезекті раундын Алматыда өткізу шешімін хош көреді

6.02.2013, 18:00 328


Кеше ҚР Президенті жанындағы Жаппай қырып-жою қаруын таратпау жөніндегі комиссияның Төрағасы, «Назарбаев орталығы» мемлекеттік мекемесінің директоры Қанат Саудабаев Trend жаңалықтар агенттігіне алдағы 26 ақпанда Қазақстанда (Алматы қ.) өтетін Тегеранның ұлттық ядролық бағдарламасы бойынша Иранның «алтылықпен» келіссөздеріне байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Аltaynews.kz "Назарбаев орталығы" мемлекеттік мекемесінің баспасөз қызметіне сүйеніп.
Қанат Саудабаев Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздерді Қазақстанда өткізу туралы шешім ядролық қауіпті таратпау саласындағы қазақстандық бастаманың мойындалуы деп санайды.
«Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздердің жаңа раундына қатысушылардың кездесуді Қазақстанда өткізу ниеті еліміздің таратпау мен ядролық қауіп-қатерді жою саласындағы бастамасының кезекті рет мойындалуының көрінісі», – деді Қанат Саудабаев. - «Қазақстан тарапы Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздердің жаңа раундын өткізу мүмкіндігінің өзін аса маңызды әрі позитивтік оқиға деп бағалайды».
Қанат Саудабаевтың пікірінше, «Қазақстанның ядролық қарусыздандыру саясатының арқасында өзінің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз ете білген үлгісі республикамызда осы келіссөздерді өткізудің пайдасына салмақты дәлел болады».
«Назарбаев орталығы» директоры «келіссөздер тараптар арасындағы өзара сенім мен түсінікті нығайтуға айтарлықтай маңызды қадам болатынына және күрделі жағдайды дипломатиялық жолмен шешуге, аймақтағы шиеленісті азайтуға үлес қосатынына» үмітін білдірді.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің 6 ақпандағы мәлімдемесінде «ү.ж. 4 ақпанында Иранның өкілі мен ирандық ядролық бағдарлама жөніндегі халықаралық дәнекершілердің алтылығы – Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия өзара кеңесуден кейін ирандық ядролық бағдарлама жөніндегі келіссөздердің кезекті раундын ү.ж. 26 ақпанында Қазақстанда (Алматы қ.) өткізу туралы шешім қабылдағанын мәлімдегені айтылады. Осыған орай, ҚР СІМ аталған шешімді хош көретінін және дүниежүзінің бәріндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдау үшін айрықша маңызы бар осынау келіссөздердің сәтті өткізілуі үшін қолайлы атмосфера мен тиісті жағдайлардың барлығын жасайтынын хабарлады.

Анықтама үшін: 2012 жылы Иран мен «алтылық» өкілдері келіссөздердің үш раундын – Стамбулда «14 сәуір), Бағдадта (23-24 мамыр) және Мәскеуде (18-19 маусым) өткізген болатын. Осы кездесулердің барлығы қандай да бір айтарлықтай маңызды шешімсіз аяқталды.
Осыған дейін Иран мен «алтылық» өкілдерінің келіссөздерінің өткізілмегеніне жылдан асты.
АҚШ, Батыстың бірқатар мемлекеттері мен Израиль Иранды бейбіт атом бағдарламасы деген желеумен ядролық қару дайындауда деп күдіктенеді. Тегеран атомдық бағдарламасын елдің тек қана электр энергиясына деген қажеттілігін өтеуге бағытталған деп мәлімдейді.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив