Өскемендегі орталық қалалық кітапханада 2012 жылдың қорытындысы бойынша «Оқырманға гимн. Гимн читателю» атты тұрақты оқырмандарды марапаттау шарасы өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Кітапқұмарларды марапаттау он түрлі аталым бойынша жүргізілді. Бұл жолы «Ең белсенді оқырман» аталымын Л.Качурина иеленсе, «Энциклопедист оқырман» деп С.Сексенбаева, «Ізденімпаз оқырман» И.Агеева, «Оқу залының лидері» Ш.Жомарт, «Егде жастағы оқырман» М.Ситникова, «Ең көп оқитын оқырман отбасы» Фишерлер жанұясы, ал «Қазіргі заман фантастикасын көп оқитындар» Федоровтар, «Ең көп оқитын студент» Қ.Дүргенбай, «Әйел бақыты» М.Белякова, «Жан-жақты оқырман» деп Л.Райныш танылды. Сондай-ақ, «Детектив шебе-рі» аталымы Н.Сушкоға бұйырды. Жеңімпаздардың барлығына кітапхана ұжымы атынан естелік сыйлықтар мен мақтау грамоталары табыс етілді.
– Кітапхана – ғасырлар бойы келе жатқан биік парасаттылық пен білімділіктің киелі ордасы. Әсіресе, оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір. Ел арасында нарық билеп, компьютер илеген заманда «кітап оқитындар сиреп кетті» деген пікірлердің орын алғаны рас. Десек те, киелі кітаптан ажырамаған, өмірін кітапсыз елестете алмайтын оқырмандарымыз баршылық. Біздің кітапхананың ең егде оқырманы – 80 жаста, – дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі Гүлбаршын Тілегенқызы.