Облыстық денсаулық сақтау басқармасы қалалар мен аудандардың әкімдеріне еліміздің барлық медициналық жоғары оқу орнында оқып жүрген 628 шығысқазақстандық студенттің тізімін жіберіп, оқуын бітіргеннен кейін оларды қызметке тарту, тиісті жағдайларын жасау мәселелерін қарастыруды ұсынды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Қазір облыс әкімінің гранттары есебінен Семейдегі медицина университетінде 410 студент дәріс алып жатыр. Бес жылдың ішінде олар облыстағы дәрігерлер қатарын толықтыратын болады.
Қазіргі уақытта медицина саласында хирургтер, акушер-гинекологтар, педиатрлар, терапевтер, анестезиолог-реаниматологтар жетіспейді.
Өткен жылы облысқа 158 жас маман келді (2011 жылы 137 жас маман келген болатын). Солардың 63-і ауылдық жерлерге, 63-і Өскеменге, 32-і Семейге қызметке орналасты. Еңбек жолын бастаған 29 жас маман тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Солардың ішінде 25-і ауылдарда тұрақтап, баспаналы болды. 16 маманға тұрғын үй сатып алу үшін жалпы жиыны 37944,4 мың теңге сомасында несие берілді. 43 маман (мұның 35-і ауылды жерлерде) жалпы сомасы 8661,06 мың теңге көтерме қаражат алды. 2012 жылы жас мамандардың әрқайсысына берілген көтерме қаражат мөлшері 113 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін жетті. Көтерме қаражаттың көлемі Риддер қаласында 500 мың теңге, Зырян ауданында 300 мың теңге, Зайсан ауданында 150 мың теңге болды.