KZ
Өскемен
+6°
пасмурно жел 2 м/с, ОШ
439.4 473.54 4.76

Өскеменде хоккей қорапшалары қаңырап бос тұр

8.01.2013, 18:00 105


Облыс орталығындағы хоккей қораптарының көбін қар басып жатыр. Балалардың аулада тұрған алаңқайға шығып ойнауға да зауқы жоқ. Ересектерге ол қорапшаларға кіріп, бой сергітуге рұқсат етілмейді, себебі сыртында «Спорт алаңқайы тек мектеп жасындағы балаларға арналған» деген жазуы бар тақтайша ілінген. Қысқасы, қыруар қаржы жұмсалып құрастырылған қорапшалардың көбі өкінішке қарай қаңырап бос тұр, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Облысымызда 169 мұз алаңы бар екен, оның 34-і өткен айда ғана ашылған. Өскеменнің өзінде 42 хоккей қорабы қолданысқа берілген. Десек те хоккей алаңдарындағы мұз сапасын мінсіз деуге келмейді. Құйылуына, жер бедеріне байланысты сырғанақтардың сапасы да әртүрлі.

Апталап қысқан аяздардан кейін мектеп оқушылары мұз алаңдарына енді-енді ғана шыға бастады ма, әлде қазіргі балалар қимылдамай ма, әйтеуір мұнда ойын баласының қарасы аз. Хоккей ойнайсың ба, конькимен жүгіресің бе, оқушыларға қазір барлық жағдай жасалған. Алайда, бүгінгінің баласы аязға бетін шымшытып, қызу ойынның қызығына бөкпейтін сияқты. Аулалардағы қорапшалардың ішінде бірді-екілі хоккей таяғын ұстап жүргендер болмаса, малақай, күртешелерін лақтыра салып, «алысып-жұлысып» шайбы қуып жүрген ешкім көрінбейді. Қысқы каникул уақытында хоккей қорапшалары тым-тырыс.

Конькиден гөрі компьютерді дұрыс көретін бүгінгінің баласы қаңтарда асыр салып сырғанақ тебудің орнына, виртуалды әлемдегі «жауларын» қып-қызыл қанға бөктіріп жатқан болуы керек. Бұрынғының баласы жоқтан бар жасайтын, тал-қайыңның қайқы келген бұтағынан имек таяқ жасап, болса кәдімгі шайбы, болмаса малдың тезегімен хоккей ойнай беретін. Қазір бәрі бар, бірақ ойнайтын бала жоқ. Сол хоккей қораптары орналасқан аулалардағы аға буын өкілдері: «Шіркін осындай дүниелер біздің бала кезімізде болмады ғой!» деп күрсінеді және қызығады.

Өскемен қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері Айгерім Солтанбекованың айтуынша, бүгінде облыс орталығындағы жалпы білім беру мекемелерінде 26 862 оқушы жүйелі түрде спортпен шұғылданады екен. Спорттық жаттығулар 84 спортзалда, 38 мектеп ауласындағы спорт алаңқайларында жүзеге асырылады. Осыған орай жалпы білім беру мекемелеріндегі спортзалдары мен үйірме-лер жұмысы кешкі 21.00-ге дейін ұзартылған, ал жексенбі күндері сағат 9.00-ден 14.00-ге дейін спортпен еркін айналысуға болады.

№11 мектептің ауласындағы жаңа хоккей модулінде облыс орталығының келешек спортшылары дайындалады. Аптаның сейсенбі, бейсенбі күндері сағат кешкі жеті мен сегіздің арасында 2002 – 2008 жылдар аралығында туған балалар қабылданады екен. Осы мекеменің әдіскері Александр Злотниковтың айтуынша, бұл жерде балалардың арнайы жаттықтырушылары бүлдіршіндерді конькимен шебер сырғанай білуге және хоккей ойынының қыр-сырына баулиды.

Дүйсенбі, жұма күндері қала мектептерінің оқушылары келіп, жаттығу жасайтын көрінеді. Жексенбіде де балаларға арналған жаттығу жұмыстары жалғасып жатады. Бірақ модульде жаппай халықтық сырғанау сауықтары ұйымдастырылмайды.

– Оған арналған басқа сырғанау орындары бар, синтетикалық жасанды мұз жабынымен жабдықталған бұл ғимарат тек жаттығуларға арналған, – дейді мекеме әдіскері Александр Злотников.

Хоккеймен қатар аптаның белгілі күндерінде шорт-трек үйірмесі жүзеге асырылады, бірақ хоккейдей емес, бұл спорт түрімен шағын топ қана айналысады екен.

Жаппай сырғанаққа арналған мұз айдындарының бірі – «Алтай» стадионы. Өскемендіктердің ең көп жиналатын мұз алаңы дәл осы жер. Сапасы сайрап тұрмаса да, сырғанақ тебуге жарайтын айдынға жыл сайын жұрт қарасы көп жиналады. Өткен жылдары мұнда келіп бір сағат сырғанақ тебу үшін 200–500 теңге көлемінде пұл төлеу қажет болатын. Жалға алатын конькиің және бар, ол да 500 теңге.

Сырғанаққа келетіндердің көбі оқушылар мен студенттер екендігін есепке алатын болсақ, аталған баға балалар үшін батпандай. Биыл облыс басшылығы стадионның қыс уақытындағы қызметін тегін етіпті. Тек жалға алатын коньки ғана ақылы, өз конькиіңді арқалап келсең, сағаттап сырғанасаң да өзің білесің. Өткен айдың 25-інде іске қосылған стадиондағы мұз айдынының беті қазір балаларға толы. Дәл осы күні «Локомотив» және «Титан» мұз алаңдары да іске қосылды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Біз жастардың уақытын мағыналы өткізу мақсатында көптеген жұмыстар атқарып келеміз, ол үшін спортзалдар мен үйірмелер ұйымдастырылып, олар күні-түні жұмыс істеп тұруы керек» деген болатын

. Әйгілі спорт шеберлері ауылдар мен аулалардан шығатыны баршаға белгілі. Басшылық осыны назарға ала отырып бұқаралық спортқа барынша күш салып келеді. Алайда бүгінгінің баласы есігінің алдында тұрған дайын спорт алаңдарына ешқандай қызығушылық танытпай отыр.

Бұның себебі белгілі, әр үйдің төрінде тұрған компьютер, сондай-ақ мағынасыз ойындар. Осы мәселені назарға ала отырып, спорттық ұйымдар, қоғам белсенділері, мұғалімдер қауымы, ата-аналар жаңа заман баласын салауатты өмір салтына қарай барынша бейімдей түсуге күш салуы керек-ақ.

Дарын Нұрсапаров



Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив