KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 2 м/с, В
479.23 534.96 5.16

Өскеменде "Бақыт" субұрқағы ашылады

26.11.2012, 18:00 50


Өскемен қаласындағы мамандандырылған балалар үйінде «Бақыт» субұрқағының салтанатты ашылу рәсімі өтеді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі. Әлеуметтік жоба авторы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Гаухар Айтмұхамбетова. Іс-шара 28 қараша күні Карл Маркс көшесі, 8/1 мекен-жайындағы мамандандырылған балалар үйінде өтеді.

Оқушы ойын жүзеге асыру үшін мектеп мұғалімдері көмекке келді. Дәстүрлі «Қоғамға қызмет ету» бағдарламасы аясында олар субұрқақты балалар үйінде салу шешімін қабылдап, бүлдіршіндерге қуаныш сыйлауды жөн көрді.

Назарбаев зияткерлік мектебі мен Балалар үйі арасындағы тығыз байланыстың қалыптасқанына бір жылдың жүзі болды. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген халқымыз, сондықтан оқушылар ерікті түрде бүлдіршіндерге қол ұшын созып, жәрдем етеді. Ұдайы мекеменің ауласын тазалап, абаттандыру шараларын жүргізеді. Сондай-ақ, қайырымдылық акцияларын өткізіп, түскен қаражатты балалар үйінің қорына жұмсайды. Бұдан бөлек ескі кітап-дәптерлерін де кәдеге жаратып, макулатураға тапсырып, балаларға ойыншықтар да тарту етеді. Айта кету керек, арнайы мекемеде бұған дейін сырттан келген жандардың көмегін алу дәстүрі болмаған екен. Бірақ, зияткер оқушылармен қарым-қатынас тәрбиеленіп жатқан балаларға оң әсерін тигізген. Сондықтан оларды сенімді достар ретінде қабылдады. Балалар үйінің тәрбиеленушілері ішінара мектепке де қонаққа келіп, түрлі спорттық іс-шараларға қатысып, суреттер салып, оқушылармен уақыттарын қызықты өткізеді. Аялы алақанға зәру балалардың қамы үшін жасаған оқушылардың бұл қамқорлығын ШҚО денсаулық сақтау басқармасына қарасты ұжым жоғары бағалап отыр.

Балалар үйінде бүгінде 150-ге жуық бала бар. Олардың жас мөлшері 0-ден 4 жасқа дейінгі аралықты қамтиды. Бас дәрігер Г. Даниярованың сөзіне жүгінсек, туа бітті тастанды балалардың қатары соңғы жылдары азайған. Себеп - әлеуметтің әлеуеті артып, рухани құндылықтардың қайта жаңғырғандығы көрінеді.

Субұрқақты салу барысында бір ай бойы жүрген жұмыс көздің жауын алады. Арнайы тастармен көмкеріліп, гүлдермен безенділірген сәнді субұрқақ балаларды сұлулыққа, табиғатты аялауға тәрбиелейтіні сөзсіз.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив