Шемонайха ауданы Усть-Таловка кентіндегі спорт кешенінде күн сайын 600-ге жуық адам денешынықтырумен және спортпен айналысады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Елімізде қабылданған денешынықтыру мен спортты дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасында дене шынықтырудың бұқаралық сипат алуы қарастырылған. Ал кент тұрғындарының басым бөлігі оны дамытуға белсенділікпен қатысып, өз үлестерін қосып келеді.
«Қазақмыс» корпорациясы спорт кешенін қайта жарақтандыруға 50 миллион теңге бөліп, ауқымды іс-шараларды жүзеге асырды. Стадионның төңірегіне жүгіру жолын салып, жаңа мінбер орнатты. Спорт кешеніне жасанды жамылғы төсеп, жазда футбол, қыста хоккей ойнауға және коньки тебуге жағдай жасады. Ғимаратты күрделі жөндеуден өткізді.
Қазіргі уақытта мұнда спорттың 11 түрінен 24 секция жұмыс істеп жатыр. Кент футболшылары таяуда ғана өткен облыс біріншілігінде екінші орынды иеленсе, қол күресі мен волейболдан да жүлделі орындарды еншіледі.