KZ
Өскемен
+23°
пасмурно жел 3 м/с, В
476.27 515.47 5.41

Өскеменде діни мәдениетті қалыптастыру жайында конференция өтті

25.09.2012, 18:00 153


С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың бас ғимаратында «Қазақстанда конфессияаралық келісімді нығайтудың негізгі аспектілері» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Оны облыс әкімдігі, ШҚМУ және Өскемендегі «Бірлік» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Конференцияға Дін істері агенттігі Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры, профессор Айдар Әбуов, агенттіктің талдау және мониторинг басқармасының бастығы Ерболат Жарқынбайұлы, облыстық дін істері жөніндегі департаментінің директоры Манарбек Мұхаметжанов, өңірдегі дін басылар, қалалық және аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, дінтанушылар қатысты.

Конференцияға қатысушылар алдымен С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да облыстар арасында бірінші болып ашылған дінтанушылық зерттеулер орталығының тұсаукесеріне қатысты. Айдар Әбуов бұл орталықтың қажеттілігіне тоқталып, дінтанушылық мамандықты игеруде, студенттердің осы бағыттағы білімдерін жетілдіруде үлкен көмегі болатындығын атады әрі еліміздің Дін істері агенттігі тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді. Орталық жетекшісі, ШҚМУ-дың философия және әлеуметтік-саяси теориялар кафедрасының меңгерушісі Оксана Морозова жиналғандарды орталықтың жұмысымен таныстырды.
Конференцияда облыстық дін істері жөніндегі департаментінің директоры М.Мұхамеджанов бұл басқосудың маңыздылығына тоқталып, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры Айдар Әбуов баяндама жасады.

Ғалым өзінің баяндамасында қазіргідей ақпараттық технологиялар барынша дамыған заманда теріс пиғылды ағымдардан келетін қауіп-қатерлерге кеңінен тоқталды. Әсіресе, оңы мен солын танып үлгермеген жастарымыз сондай дәстүрлі емес діни ағымдардың алдауы мен арбауына түсіп жатқандығын атады. Сондай-ақ, ол діни мәдениетті қалыптастырудың жолдарына тоқталды.

Бүгінгі таңда республикада 46 конфессияға қарасты төрт мыңнан аса діни қауымдастық өз жұмысын жалғастырып отыр. Елімізде діни ғимараттар – мешіттер, храмдар, құлшылық ету үйлері, синагогалар көбейіп келеді. Олардың заң аясында жұмыс істеулеріне толықтай мүмкіндік жасалған. Қазақстандағы дінаралық сұхбаттың бірегей үлгісінің қалыптасуына шетелдік діни қауымдастықтар да жоғары баға беруде. Қорыта айтқанда, конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі – діни дәстүрлер диалогының негізіне айналып отыр. Бұл жөнінде Дін істері агенттігі талдау және мониторинг басқармасының бастығы Ерболат Жарқынбайұлы баяндады. Өскемен орталық мешітінің бас имамы Нұрлан қажы Асанов, Астана және Қазақстан Митрополиті Александрдың өкілі архимандрит Иосиф, «Бірлік» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сергей Лебедев өз ойларын ортаға салды. Конференцияға қатысушылар мен дінтанушы ғалымдар арасында ашық сұхбат жүргізіліп, қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.

Өскеменде жаңадан ашылған орталық мешітте өңірдегі қайта мемлекеттік тіркеуден өткен мешіт үйлерінің куәліктері ауылдардан арнайы келген имамдарға салтанатты түрде тапсырылды. Өңірде 365 діни бірлестік болса, соның 201-і – мешіт үйлері. Бүгінге дейін олардың 184-і қайта тіркеуден өткен. Мешіт үйінде де Дін істері агенттігінен келген дінтанушы ғалымдар мен ауыл имамдары арасында дәстүрлі діндер мәселесі әңгіме арқауына айналды.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив