KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 1 м/с, С
479.23 534.96 5.16

Шығыс Қазақстанда спортты өркендетуге не кедергі?

11.09.2012, 18:00 195


Өңірдегі денешынықтыру және спортты дамыту үшін шамамен 2,8 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінеді десек, мұның тең жартысы еңбекақыны құрайды. Сөйте тұра жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүрген жаттықтырушылардың алатын жалақылары мардымсыз. Неге? Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ аталған сала өкілдерімен болған жиында мәселені осылай төтесінен қойды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

– Республика бойынша қарасақ бүгінгі таңдағы облыстың спорттағы көрсеткіші оған жасалып жатқан жағдайға сәйкес емес. Біз өзіміздің әлеуетімізді толық пайдалана алмаудамыз. Лондонда жеңіп алған жалғыз алтын медаль аз, кәдеге жаратылмай қалып жатқан қорлар қаншама. Алайда біз күткендей нәтижелер әзірге жоқ, – деп кесіп айтты аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.

Иә, кейінгі кездері облыс спортына бюджеттен бөлінетін қаржының мөлшері жыл санап артып келеді. Мәселен, футболды өркендету үшін миллиондаған теңге шығындадық, өкінішке қарай оның қайтарымы болмады. Өткен жылы ел чемпионатына үкілеп қосқан «Востогымыз» (Өскеменнің футбол клубы) үмітті ақтамады, ақыры премьер-лигадан ұшып тынған. Енді қазір бірінші лигада ұсақ-түйек командалардан ұтылып, абырой қалмады. Футбол дейміз, еліміздегі шайбалы хоккейдің отаны саналған Шығыстың хоккейшілері айдындағы айбынын жоғалтып алғандай. Ресей біріншілігінде олар турнир кестесінің ең төменгі жағынан орын тепкен. Сол сияқты боксшылар мен балуандарымыздың да ірі халықаралық додаларда олжа салып жүргендері некен-саяқ. Ал Лондон Олимпиадасында Қазақстанның атын әлемге әйгілеген ауыр атлетика спортшыларына келсек, олар біздің өңірден емес. Облыс басшысының сөзіне құлақ ассақ, даңқты балуан Дәулет Тұрлыхановтан кейін Шығыста боз кілемнің мықтылары деуге лайықты саңлақтар әзірге шыға қоймаған. Одан бөлек қысқы спорт түрлерін дамытудың да нақтылы бағыт-бағдары айқындалмай келеді.

– Мектептердің спортзалдары неге бос тұрады, әсіресе, күндізгі уақытта? Неге спорттық құрал-жабдықтар жетіспейді? Барлық ғимараттарға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Хоккей мен шағын футбол ойнау үшін көптеген алаңдар салдық, бірақ олар пайдаланылмайды. Қарапайым халық болса, сол нысандардың қолжетімділігіне шағым айтуда. Неге? – деп сұрақты төтесінен қойған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Семейдегі денешынықтыру-сауықтыру кешенін де сынға алды.

Келімді-кетімді кісілері жоқ бос тұрған спорт кешенінің фотосуреті слайд арқылы жиынға қатысушылар назарына ұсынылды. Бұл нысанның құрылысына 2009 жылға дейін 900 миллион теңге жұмсалса, жұмысты аяғына дейін жеткізу үшін тағы қосымша 400 миллион теңге қаражат берілген. Қыруар сомаға салынған ғимараттың шатыры опырылып құлап түсіпті. Әкім өз сөзінде құқық қорғау органдары арқылы кінәлі мердігерді жауапқа тартуды тапсырды.

Сонымен қатар өңір басшысы бірінші кезекте мемлекет қазынасынан бөлінетін қаржыны толықтай игеруді, барлық спорттық нысандарды жүз пайызға пайдалануды міндеттеді. Содан кейін ғана жаңадан ғимараттар салу мәселесін қарауға болатынын айтты.

Тәжірибе алмасу демекші, алдағы желтоқсан айында Өскеменге Канада, Ресей сынды елдерден шайбалы хоккейдің «жілігін шағып, майын ішкен» майталман спортшылар келіп өнер көрсетпек. Халықаралық додаларда топ жаруды көздеп отырған біз үшін бұл шараның берері мол болмақ әрине.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив