KZ
Өскемен
+22°
переменная облачность жел 1 м/с, С
450.79 482.21 5.05

RADIO ALTAY жаңалықтары - 16 тамыз 2012 жыл

15.08.2012, 18:00 128


Кешкі шығарылым RADIO ALTAY



Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.
Рамазан айының қасиетті Қадір түнін Өскемен қаласының бірқатар тұрғындары орталық мешітте қарсы алды. Орталық мешітке арнайы келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қадір түнінің қасиетіне бас иген жұртшылықты құттықтап, облыс тұрғындарын бірлік пен ынтымаққа шақырды.
«АЕS Өскемен жылу энергия орталығы» акционерлік қоғамының құны 2,5 миллиард теңгені құрайтын сумен қамтудың айналмалы жаңа жүйесі –желдеткіш градирня ашылды. Аталған жаңа жүйе су үнемдеумен қатар, пайдаланылған техникалық судың өзенге ағызылуын 48 пайызға азайтады. Сонымен қатар электр қуатын өндіру көлемі де арттырылады.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Америка Құрама Штаттарының елімізде жаңадан тағайындалған елшісі Кеннет Фэйрфакспен кездесті. АҚШ өкілі біздің өңірмен танысып, арадағы даму қарқынын көзімен көру үшін арнайы іссапармен келген екен. Облыс басшысы елшіні 28 тамызда Курчатов қаласында өтетін халықаралық ғылыми-практикалық конфернецияға шақырды.
Өскеменде «Атамекен Одағы» кәсіпкерлердің ұлттық экономикалық палатасы қауымдастығы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов облыстағы шағын және орта бизнес кәсіпорындары басшыларымен, сондай-ақ кәсіпкерлік қауымдастықтары өкілдерімен кездесу өткізді. Абылай Мырзахметов облыс кәсіпкерлерінің кәсіпкерлікті өркендетуге байланысты айтылған ұсыныстары мен көтерілген мәселелері қыркүйек айында Үкімет қарауына жеткізетінін айтты.
Зайсан ауданының Айнабұлақ ауылын таза сумен қамтамасыз ету мақсатында «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша 274 миллион теңге қарастылылған. Соның алғашқы кезеңінде биыл 108 миллион теңгенің жұмысы атқарылмақ. Бұл шаруамен «СМУ Шығыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бригадасы айналысуда.


Таңертеңгі шығарылым RADIO ALTAY



Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

Зайсан ауданындағы Әзен Тоқанның «Жаңа қоныс» шаруа қожалығы екі жылдан бері бие байлап, қымыз өндірумен айналысып келеді. Дәулетбек Мықияновтың «Жасұлан» шаруа қожалығының қымызы да жұртшылықтың сұранысына ие болуда. Аудандағы бес шаруа қожалығы қымыз өндірумен айналысу үшін несие алуға ниет білдіріп отыр.

Глубокое ауданы Секисовка ауылында «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» бағдарламасы аясында спорт кешені салынып жатыр. Онда жаттығу залы, қауыз, жабық хоккей модулі, ботаникалық бақ болады. Бұл нысанның құрылысын жүргізуге «Секисовка» тау-кен өндірісі 18 миллион теңге бөлген. Аталған кешеннің айналасында саябақ және балалар алаңын салу жоспарланған.

Биыл Күршім ауданы әкімінің грантымен тоғыз жас маман жоғары оқу орнын бітіріп, ауданға оралды. Олар осы өңірдегі орта мектептерге жұмысқа орналастырылды.

Глубокое ауданы Жоғары Березовка кентінде екі бөлмелі пәтерден намазхана бөлмесі ашылды. Алланың үйіне зәру жамағат қасиетті айда қуанышқа бөленіп жатыр. Кентте мыңнан астам қазақ тұрады. Кенттегі мұсылман қауымы бірлесе отырып, енді мешіт салу мүмкіндіктерін қарастыруда.

Зырян ауданындағы тірек ауылдардың бірі Никольск ауылындағы «Сейітов» шаруа қожалығы сүтті сиыр санын елуге дейін көбейтпекші. «Уанас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сүт таситын машина сатып алуды, сүт қабылдайтын пункт ашуды жоспарлап отыр.

Облыста «Мектепке жол» акциясы тамыз айының алғашқы күндерінен-ақ басталып кетті. Катонқарағай ауданы Балғын орта мектебінің ұжымы жергілікті кәсіпкерлердің қатысуымен акция өткізді. Олар оқушыларға мектептік үлгідегі киімдер, спорттық киімдер, аяқ киім, оқу құралдарын әкеліп тапсырды.





Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив