KZ
Өскемен
+23°
переменная облачность жел 2 м/с, ОШ
479.05 534.57 5.17

Зәулім мешіт құрылысының 98 пайызы аяқталды

14.08.2012, 18:00 280


Шығыстағы бас шаһарды одан әрі шырайландыра түскен айтулы мешіт құрылысының 98 пайызы аяқталған. Бұл ақжолтай хабарды таңның атысынан күннің батысына дейін бастан-аяқ сол жерде жүрген «Нұр Отан» партиясының тұрақты өкілі Есентай Сембинов жеткізді.

Аймағымыздың айрандай ұйыған ынтымағының арқасында салынып жатқан ғибадатхана еңсесін тіктеді. Аспанмен тілдескен 63 метрлік төрт мұнара өз деңгейіне жетіп тоқтады. Қазір оның аспан түстес күмбезі ерекше бір сырлы материалмен қапталып жатыр. Сырлы деп айтуымыздың өзіндік себебі бар. Өйткені, бұл күмбез күн райының ашық не бұлтты болуына қарай реңін өзгертіп отырады. Демек, сәулетті мешіт тамаша бір тылсымдығымен де ерекшеленетін болады. Оның сырттан бірден үшінші қабатқа бастайтын үлкен баспалдақтары мәрмәр тақтайшалармен қапталуда. Үшінші қабаттағы екі жарым мың жамағат сиятын үлкен бөлменің ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ішіне енген жан нағыз сұлулыққа куә болары хақ. Тіпті, діңгектерінің өзі алтынмен әдіптелгендей. Еңселі бөлменің ел көретін жерлеріне құдіретті Құран сүрелері жазылған. Ол да әр адамға имани шапағат сыйлайды. Бүгінде құрылыс маңында абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Дәл қазір онда үлкенді-кішілі 52 мекеме жұмыс атқаруда.

Осы аптаның бейсенбі, жұма күндері мешіт құрылысына Бородулиха мен Үржар аудандары көмекке келді.

Алғашқы күні 65 адаммен жұмыс істеген бородулихалықтар ірі қара сойып, мұндағы жұртқа түстік ас берді. Аталған ауданнан келгендер негізінен «Нұр Отан» партиясының мүшелері екен. Қашанда қоғамның алдыңғы легінде жүретін белсенділер екі күндік ерікті жұмыста да аянып қалған жоқ.

– Осы бір үлкен ғибадатхананың құрылысына көмектесіп, сауапты іс жасағалы келіп отырмыз. Біздің аудан – көп ұлт қоныстанған өңір. Сондықтан бүгінгі асарға біздегі әр ұлттың өкілдері де келіп, қатысып жатыр, – дейді аудан әкімінің орынбасары Ахметқали Ақашұлы.

Ал қасиетті жұма күні облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан 50-ге тарта адам көмекке келгенін де айрықша атап өткен жөн. Дәл осы күні басқарма бастығы Дүйсенбай Селиханов құрылыс басындағы 500-ге тарта жұмысшыға түстік ас беріп, құран оқытты.

– Біз мұнда тапсырмамен емес, өз еркімізбен келіп, жұмыс істеудеміз. Мұндай құрылыс Өскеменде жоқ. Әрі бұл мешіт – руханиятымызға қосылған қомақты дүние, – дейді Д.Селиханов.

Ал 500 шақырым жолды алыссынбай келген үржарлықтар аптаның алтыншы күні жұмысшыларға түстік ас бермек. Әр ауылдан белсенді еңбек ететін азаматтарды таңдап тұрып әкелген олар алып құрылыстың маңындағы жұмыстардың ешқайсысынан тартынбай еңбек етті.

– Ауданның 27 округінен 50 адам келіп, екі күн бойы өз үлестерін қосып жатыр, – дейді аудан әкімі аппаратының кеңсе меңгерушісі Серік Әділжанов.
Шығыстағы теңдесі жоқ бұл мешіт Алла сәтін салса, он күннен кейін ел игілігіне берілмек. Сауапты іс жасауға ниеттенген азаматтар ендігі қалған жұмысқа жұмыла атсалысып қалуға асығуда.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив