KZ
Өскемен
+14°
пасмурно жел 2 м/с, В
481.84 531.33 5.07

Өскеменде өткен облыстық Абай оқулары талай жүйріктің тұсауын кесті

11.06.2012, 18:00 223



Осымен 13 мәрте өткізіліп отырған облыстық Абай оқуларына өңіріміздің 14 ауданы мен қаласынан жалпы жиыны 63 оқушы қатысты.

Өзінің осынша жылдық тарихында талай бұлақтың көзін ашып, талай жүйріктің тұсауын кескен мәні мен мазмұны ерекше Абай оқуларының облыстық кезеңі жыл сайын «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен өтіп келеді.

Үш бірдей аталым бойынша үздіктерді анықтаған сайыс биыл да аса тартысты болды. Дей тұрғанмен, қатысушылардың қарымы шамалас болса да, жеткіншектер біз күткендей биік деңгей көрсетті деуге келмейді. Сайыскерлердің арасында Шәкерімнің жүзге жуық, Абайдың екі жүзден астам өлеңін жатқа білетіндер болғанымен, көбінің сападан бұрын санға мән беріп, ең шағын, арнау өлең тектес шығармаларды жаттауға әуестенгендері байқалып тұрды.

«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты Абай мен Шәкерім шығармаларын жатқа оқу сайысында Аяулы Ахметқазина, Жанерке Хабитова, Назерке Ерланова сынды үміткерлер ақын поэмаларын бастан-аяқ мүдірмей айтып, талайды тамсандырса, ал кейбірі «жаттадым» деген өлеңдерінің тізімін сірестіріп әкелгенімен, әр жерінен бөліп сұраған кезде абдырап қалып жатты. Бұл сын бойынша республикалық кезеңде облыс намысын қорғауға Семейдегі №13 мектептің оқушысы Аяулы Ахметқазина лайық деп танылып, байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды.

Ал «Көңілім әнді ұғады» атты қос алыптың ән-күйлерін орындау сайысында республикалық кезеңге тағы да Семей қаласындағы №32 мектептің намысын арқалап келген Мөлдір Байбөрина жолдама алды. Осы тұста қазылар алқасының мүшесі Әділ Тұрғанбаев сайыстың бұл түріне шәкірттерін дайындаған жетекшілер мен ата-аналарға сүйемел ретінде қолданылған фонограмма-ның тұнық болуын қадағалауды ескертті.

Бұл жолғы Абай оқуларының үш аталымына да өзге ұлт өкілдерінің белсене қатысқанын айтпасқа болмас. Олардың Абай мен Шәкерім шығармашылығына деген іңкәрлігі лайықты бағасын алды. Шемонайхалық Олеся Колмакова екі алыптың шығармаларын жатқа оқу бойынша, флейтамен сүйемелдей отырып «Көзімнің қарасы» әнін шырқаған Юля Колесникова ән айту бойынша арнайы аталым иегерлері атанды. Ал «Абайға арнап өлең жаздым» деп келген Софья Шихвердиева, Валерий Борисов, Алена Коновалованы көрерменнің қабылдай қоймағанын байқамау мүмкін емес еді. Расымен де халықпен сәлемдескен екі сөйлемнің басын дұрыс құрай алмаған талапкерлердің «төгілтіп өлең арнап әкелгендері» көңілге қонымсыз шығып жатты. Бұл жерде талапты отандастарымыздың Абай мен Шәкерімге деген ықылас-құрметіне шек келтіріп отырмағанымыз айдан анық. Соларды сайысқа үкілеп қосқан тәлімгерлерінің «өзге ұлт болған соң көтермелеп, бір орын берсе де жетер» деген алдамшы ойға бой ұрып, оқушыларға дұрыс бағыт нұсқамағандарына қынжылдық.

«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» кезеңінде үміткерлер тек Абайға арнаған өлеңдерін оқу шарт емес-тұғын. Бірақ, өлең өлкесіне енді аяқ басқан жас буынның барлығының да «біссімілләні» Абайдан бастағанын көріп қуандық. Бұл аталым бойынша үздік деп танылған семейлік Қуандық Кенжебек те республикалық кезеңде Шығыстың намысын қорғайтын болады.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz






Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив