KZ
Өскемен
+12°
пасмурно жел 4 м/с, В
481.84 531.33 5.07

Сенбілікті нағыз мерекеге айналдырған

30.04.2012, 18:00 99


Өскемендегі Жібек маталар комбинаты шағын ауданының (ЖМК) тұрғындары үшін әр аптаның сенбісі мереке! Иә, бұл ауданның тазалыққа жаны құштар халқы осы күнді кәдімгідей нағыз мерекеге айналдырған. Өздері тұратын тұрғын үйлерінің айналасы мен аулаларын тазартып, көріктендіруден бір-бірімен қызу бәсекеге түскен олардың жұмысы өзгелерге өнеге боларлықтай.

Елдің айтуы бойынша, облыс орталығындағы «ауасы ең таза аудан» атанып кеткен ЖМК-ның бүгінде ауасы ғана емес, ауласы да мұнтаздай. Қаланың кейбір аудандарындағы секілді қалай болса, солай шашылып жатқан тұрмыстық қалдықтар жоқ мұнда. Көшелердің бойына көшеттер отырғызылған. Гүлзарлардың қара топырағы қопсытылып, гүл тұқымдары себілген. Тұрғын үйлердің алдындағы жиектастар әртүрлі түске боялыпты. Қысқасы, адамдардың жайлы өмір сүруі үшін, айнадай таза қоршаған ортада тұруы үшін тұрғындардың өздері барлық жағдайды қолдан жасап алған.
– Біздің істеген жұмысымызды көзімен көрген облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жақсы деген бағасын берді. Шамамыз келгенше тырысып жатырмыз. Қар кете салысымен бірінші тұрмыстық қалдықтарды шығарып тастадық, одан кейін аулаларға жас көшеттер отырғыздық. Енді қоршауларды, жиектастарды, подъездерді ретке келтіріп жатыр-
мыз. Бастапқыда тұрғындарды сенбілікке атсалысуға шақыратынбыз, қазір олар айтқызбай-ақ шығады. Аулаларының көркейіп келе жатқанына куә болған адамдардың өздері тазалықты сақтауға құлшыныспен кірісіп жүр, – дейді «Контакт» пәтер иелері кооперативі төрағасының міндетін атқарушы Евгений Коткин.
Айтса айтқандай екен. «Контакт» кооперативіне қарайтын Комсомол көшесі №№14, 23, 29, 31/1 мекенжайындағы үйлердің жағдайын біз де көзімізбен көрдік. Қанша жерден «сырт көз сыншы» десек те, бұл маңдағы тазалыққа мін таға алмадық.
– «Контакт» пәтер иелері кооперативінің басқаларға қарағанда бір ерекшелігі тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей білуінде. Қандай да бір мәселе туындаса, оны дабыра қылмай ың-шыңсыз, өзара келісіммен, кооператив шеңберінде тез шешуге тырысады. Ал тұрғындар болса ПИК басшылығына жақсы көзқараста, тазалық айлығына да белсене араласып тұрады. Ауызбіршіліктің арқасында олардың істері ілгері басуда, – дейді ЖМК шағын ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Оразбайұлы.
Айтпақшы, Серік Оразбайұлы тұратын Комсомол көшесі 29/1 тұрғын үйдің есік алды енді ғана жапырақ жая бастаған жас шыбықтарға тұнып тұр. Әсіресе, жаңадан бой көтеріп келе жатқан қайың, үйеңкі, шырша, емен ағаштарымен бірге гүлдердің түр-түрі отырғызылған екен мұнда. Ауласы да тап-таза, жинақы. Осының бәрін Секең жалғыз өзі жасапты. Дегенмен, ақсақалдың бұл үлгілі бастамасы өзгелердің санасына ой салып, қолдарына күрек алып еңбектенулеріне түрткі болған.
– Ауланың тазалығы өзімізге керек қой. Бала-шаға ойнайды, кешкілік қарттарымыз сыртқа шығып демалып отырады. Осындай кездерде қоқыс шашылып жатса, қандай жаман. «Қашан келіп ПИК өкілдері қалдықтарды алып кетеді» деп күтіп отырмай өзіміз де қимылдап жатырмыз. Соншалықты, қиын жұмыс емес, көп уақытты да алмайды. Әр сенбіде бір-екі сағат уақытты тазалыққа бөлсеңіз жеткілікті. Өткен жолы Алматыдан келген бір туысымыз біздің үйдің ауласы мен айналасын көріп, қатты таңғалды. Осының бәрін тұрғындардың өздері істейді дегенге сенгісі келмеді. Бірақ шындығы солай ғой, – дейді Комсомол көшесі, 29-үйдің тұрғыны Жанболат Дүсіпов.

altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив