Өскемендегі 16-шы шағын ауданға келесі жылы балабақша салынуы мүмкін
Өскеменнің орталығынан шалғайлау, тау етегінде қоныс тепкен жаңа 16-шы шағын аудандағы Әлия Молдағұлова атындағы көшеге тиесілі үйлердің аулалары да қайта жаңғыртудың шапағатын көріп отыр. Бұл жердегі 16 үйде 13 аула бар. Оларда үш мыңнан аса тұрғын тұрады.
Аудан тұрғындарының ары қарайғы өмір сүру сапасын жақсарту үшін мұнда жергілікті атқарушы билік үлкен футбол алаңын, бес балалар алаңқайын, үш спорттық алаңқайды салып берген. Жолдар үлкейтіліп, асфальт төселіп, орындықтар, қоқыс жәшіктері, жиектастар орнатылған.
Жап-жаңа жасыл алаңда доп теуіп жүрген жас футболшыларға футбол доптарын сыйға тартқан облыс әкімі олармен бірге доп та теуіп көрді.
Ал ауланың ересек тұрғындарына алдағы қазан айында аулаға көгалдандыру жұмысын жүргізіп, ағаш, тал егуді тапсырды. Атқарылған іске разы болған шағын аудан халқы бізде демографиялық дүмпу жақсы, балаларымызға енді бір балабақша болса деген тілегін де айтып қалды. Ол тілек те келер жылы орындалатын болды.
Көңілі шалқыған қуанышты жұрттың атынан Майлыхан Ақмолдин ақсақал облыс басшысына ақ батасын берді.