KZ
Өскемен
+1°
переменная облачность Штиль
481.19 538.45 5.18

Еңбек қылған адамға қай жерде де кәсіп бар

23.04.2012, 18:00 195


Дәл бүгін «Ауылда жұмыс жоқ» деген «дәмсіз» әңгімеге ешкімді сендіре алмайсыз. Өйткені, ерінбей еңбек қылған адамға қай жерде де кәсіп бар. Шемонайха ауданындағы алақандай елді мекенде жеке шаруашылық ашып, мұқым әулетін асырап отырған азаматтар – соның нақты дәлелі.

Күн жадыраса, араларын жайлауға шығармақ

...Аспанда шөкімдей бұлт көрінбейді. Көктегі күннің көзі жердің бетіне шұғыласын аямай төгіп тұр. Құлаққа аралардың ызыңдаған дыбысы алыстан талып жетеді. Аулаға кіре бергенімізде ағаш бояйтын лактың мүңкіген иісі келді мұрынға. Білегін түріп тастап жұмысқа белсене кіріскен ер адам қаз-қатар тізілген ағаш жәшіктерді бояп жүр. Шемонайха ауданына қарайтын Убинка елді мекеніндегі Мишениндер отбасының үйі бұл.
– Жазғы маусымға қамданып жатқандағы түріміз ғой, – деп бастады әңгімесін отағасы Алексей Мишенин амандық-саулық сұрасқан-нан кейін. – Ара өсірумен айналысқаныма
9 жылдан асты, биылғы қыстан аман-есен алып шыққан 27 жәшік араларым бар. Тағы да отыз жәшіктей араны сатып алмақпын. Мынау лактап жатқан омарталар соған арналған.
Оның сөзіне қарағанда, «Жұмыспен қам-ту-2020» бағдарламасы арқылы мемлекеттен кепілдікпен алған бір миллион теңге көлемін-дегі несиеге бал араларын сатып алып, ауылды жерде жеке кәсібін өркендетпек. Несиені ол жылына 4,95 пайыздық мөлшерлемемен 5 жыл мерзімге алыпты. Дей тұрғанмен кәсіпкер азамат ісі оңға басып, табыс жақсы түсіп жатса, екі жылдан ұзатпай қарызды өтеп тастауды жөн көріп отыр.
– Ауылда тұрып жұмыс жоқ деген адам-дарды түсінбеймін. Он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетін жігіттерге екі қолға бір күрек табылады қазіргі заманда. Оның үстіне мемлекет тарапынан да көрсетілетін қолдау бар. Қарапайым ғана мысал, мен өзім осы бағдарламаның арқасында тиімді несиеге қол жеткізіп, шаруамды дамы-туға мүмкіндік алдым, – деп ағынан жарылған Алексей алдағы жоспарларымен де бөлісті.
Жиыны алпысқа жуық омартаны өсіріп-бағуға бел буған омарташы жігіт көк құлпыра салысымен араларын жайлауға шығармақшы. Рас, жері шұрайлы, сан алуан өсімдіктер қорына бай Шемонайха өңірі бал арасын өсіруге сұранып-ақ тұр. Бұған қоса көсіліп жатқан ат шаптырым егістік алқаптар, соның ішінде қарақұмық, күнбағыс сияқты дәнді дақылдар гүлдегенде еңбексүйгіш жәндіктер үшін нағыз «той» басталады. Өнімді шелектеп төгетін де –
осы кез. Мәселен, жаз жайлы болғанда бір омарта бір маусымда қырық литрден астам бал бере алады десек, алпыс жәшіктен қанша литр өнім алынатындығын есептей беріңіз. Ауылдағы ағайындарға бұл үлкен пайда. Бір ыңғайлысы, шаруа иесі араларды жайлауға шығаруға техника іздеп әуреленбейді екен. Туысқан ағасының жекеменшік тракторына тіркеме іліп алып, желегі жайқалған жерлерді аралап көшіп отырмақ. Сонымен қатар шаруа қожалықтарының басшыларымен келісіп, егістік алқаптарды жағалай жайғаспақшы.
Айтпақшы, Алексейдің негізгі мамандығы – дәнекерлеуші. Ара өсіруді ол аталас ағасынан «жұқтырыпты». Несиеге ара сатып алып, жеке шаруашылықпен айналысу жөніндегі кеңесті де осы ағасы берсе керек. Бүгінде Убинка ауылында тұратын ағасының 170-тей омартасы бар. Дей тұрғанмен біздің кейіпкеріміз өзінің тоғыз жылдық тәжірибесін жетілдіре түсу мақсатымен «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы үш айлық омарташыларды оқыту курсына жазылып, наурыз айының 15-інен бастап таңдаған кәсібінің қыр-сырын терең-
детіп меңгеруге ден қойыпты.
Мишениндер отбасы ала жаздай жинаған өнімдерін өткізуді де осы бастан ойластырып жатыр.
– Аудандық жұмыспен қамту орталығы жеке кәсіпкерлерге несие беріп қана қоймай бухгалтерлік, заңгерлік тұрғыдан да көмектер көрсетеміз. Нина Мишенина (Алексейдің жұбайы) жеке кәсіпкерлік ашу жөніндегі құжаттарды салық органдарына тапсырып қойған. Осы құжаттар қалай дайын болады, солай өз өнімдерін мемлекеттік сатып алу арқылы өткізуге мүмкіндік алады. Мәселен, мектептер мен балабақшаларды, басқа да мекемелерді тиімді бағаға сапалы балмен қамтамасыз ететін болады. Тауар міндетті түрде сертификатталып, тіркеуден өтеді, – дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары.

Қазақтың ақбас сиырын көбейтеді

Убинка ауылында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының игілігін көруге бел буғандардың енді бірі – Ахмет Садықов пен Айдар Оразхан есімді ағайынды азаматтар. Етті-сүтті бағыттағы қазақтың ақбас сиырын өсіруді мақсат еткен отбасылық бизнес өкілдері арнайы жобаларын да әзірлеп, тиісті орындарға жөнелтіп қойыпты. Жалпы құны 9 миллион теңгені құраған бизнес-жобада 50 бас асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырына арнап бордақылау алаңын ашу қарастырылған.
– Бұған дейін біз егіншілікпен айналысып келгенбіз, енді қосымша мал шаруашылығын дамытуға бетбұрыс жасамақпыз. Осы ниетпен арнайы жоба әзірлеп, жауапты мекемелерге ұсындық. Нәтижесін күтудеміз. Егер бағдарлама арқылы қажетті қаражатқа қол жеткізсек, көп ойланбастан іске кірісеміз. Әуелі ірі қараларды сатып әкелу керек. Содан кейінгі міндет – мал бордақылайтын алаң салу, жемшөп әзірлеу дегендей. Жалпы, біздің жоспарымыз ауданда мал шаруашылығын өркендету, азайып бара жатқан қазақтың ақбас сиырларының тұқымын көбейту, – деп өз ойымен бөліскен Айдар Оразхан ауыл халқына мал бағып, жер игеруден артық жұмыс табылмайтынын да тілге тиек етті.
Қазір аталған шаруа қожалығының иелігінде 450 гектар егістік жер, 120 гектар шабындық бар. Егістік алқапқа бидай, арпа дақылдарын егеді. Біз келгенде қожалықтағы жұмыскерлер көктемгі егістікке техникалар мен себілетін тұқымдарды әзірлеу қамымен әбігер болып жатқан. Тұқымның сапасы жаман емес секілді. «Не ексең, соны орасың» деген қазақы нақылды жадына түйген шаруалар сұрыптаудан өткен, жоғары сапалысын іріктеп алыпты.
Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы ауданда сарып ауруы етек алып, ірі қара малдың басы кеміген. Осының салдарынан ет пен сүт өндіру көлемі азайған. Айталық, Вавилон, Зевакино, Выдриха сияқты ауылдық округтерде мүйізді ірі қара санының төмендеуі байқалған. Осы орайда ағайынды Ахмет Садықов пен Айдар Оразханның диқаншылықтан бөлек асыл тұқымды ірі қара малының қатарын көбейту жөніндегі ниет-тілектері орынды екендігіне көзіңіз бек жетеді.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz

Еңбек қылған адамға қай жерде де кәсіп барЕңбек қылған адамға қай жерде де кәсіп барЕңбек қылған адамға қай жерде де кәсіп бар




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив