KZ
Өскемен
+18°
пасмурно жел 2,6 м/с, Ю
481.84 531.33 5.07

Медет ШОТАБАЕВ, опера әншісі: – Көп БОЛДЫ КӨКЖЫРАҒА бармағалы

22.04.2012, 18:00 196


– Бұл өзіміздің Медет қой... Ақсуаттың баласы...
Сахнада ән салып тұрған жігітті көргенде қасымда отырған көрерменнің бірі өз қуанышын жасыра алмады. Опера дейтін бекзат өнердің биіктерін бағындырып жүрген жігіттің өзіміздің шығысқазақстандық екендігіне кәдімгідей мақтанып, төбесі көкке сәл-ақ жетпей қалды.


Иә, Медет Шотабаев бірнеше ірі халықаралық байқаулардың жеңімпазы. 2006 жылы ол Астанада өткен «Шабыт» фестивалінде жеке ән айту аталымында бас жүлдеге ие болса, тура бір жылдан кейін Бибігүл Төлегенова атындағы байқауда бірін-ші жүлденің иегері атанды. 2009 жылы Медет Шотабаев Финляндиядағы «XX ғасыр өнері» байқауында топ жарады. Ал 2010 жылы Медет Парижде өткен «Болашақтың үздік дауыстары» атты опера байқауында өзін үздік тенор ретінде әлем жұртшылығына мойындатқан болатын. Таяуда «Ғасырлар тоғысы» атты қайырымдылық жобасы аясында Өскеменде концерт берген талантты жерлесіміз Медет Шотабаев пен танымал пианист Тимур Урманчиевпен сұхбаттасқан болатынбыз. Төменде сол сұхбатты оқырмандар назарына ұсынамыз.

Бекен Жылысбаевтан үйренгенім көп

– Медет, сенің операға деген махаббатыңды кім оятты?


– Мен Семейдің М.Төлебаев атындағы музыкалық колледжінің түлегімін. Бұл колледж кезінде небір сахна саңлақтары түлеп ұшқан жер ғой. Роза Рымбаева, Секен Тұрысбеков осы колледжден қанат қағыпты. Опера дегеннің не екенін осы колледжде оқып жүргенде алғаш түсіне бастадым. Дауысымды операға ыңғайлап, тәрбиелеген ұстазым – Нұрлан Көшеров. Ал консерваторияда Бекен Жылысбаевтың сыныбында оқыдым. Осында жүріп опера өнерінің қыр-сырына қанықтым. Ал бірде Алматыға «Дегдар» қорының шақыртуымен итальяндық әнші Марио Мелани шеберлік-класын өткізуге келді. Мақсаты – қазақ топырағындағы опера жанрының аяқ алысын зерттеп, жас әншілерді байқап көру екен. Сол кісінің шақыртуымен мен Италияда аты әлемге мәшһүр Рената Тебальди мен Марио дель Монако академиясында білім алу мүмкіндігіне ие болдым. Жалпы, қаным қазақ қой. Ал әу деп ән салмайтын қазақ мынау дүниеде жоқ шығар, сірә.

– Білетіндер сені «Көріп жүрген далаңыз, Ақсуаттың даласы, Жұтып жүрген ауаңыз, Ақсуаттың ауасы» деп ақын Қадыр Мырзалиев жырға қосқан Ақсуаттың баласы дейді ғой...

– Иә, ата-анамның Ақсуаттың Көкжыра ауылынан екені рас. Кейіннен Семей қаласында тұрақтап қалыпты. Анам ет комбинатында, әкем танк зауытында жұмыс істеді. Өзім Семейдегі №33 мектепте оқыдым. Ата-анам әр жазғы демалыста мені ауылға жіберетін. Ол кезде атамның көзі тірі еді. Жалпы, туыстарымның дені әлі сол Көкжырада тұрады. Бірақ менің сол Көкжыраға бармағаныма он шақты жылдың жүзі болыпты.

– Қазір сен Абай атындағы опера және балет театрында еңбек етіп, басты партияларды орындап жүрген бірден-бір әншісің. Жалпы, қазақ операсының қазіргі даму деңгейі туралы не айтасың?


– Иә, Абай атындағы опера театрында жүргеніме төрт жылдай уақыт болып қалды. Болашағынан үміт күттіретін тамаша әншілер көп мұнда. Солардың бірі – бас дауысты Болат Есімханов деген жігіт. Өзіміздің Үржар ауданынан. Жақсы араласып тұрамыз.

– Медет, сен талай халықаралық байқаулардың жүлдегерісің. Шетелде өтетін байқауларда кім сенің қасыңда болып, қолдау көрсетеді?

– Шетелде өтетін байқауларға көбіне жалғыз баруға тура келеді. Өйткені, бәрі де қаржыға келіп тірелетінін өзіңіз де жақсы білесіз ғой.

– Кейде шетелге кетіп қалғыңыз келмей ме?

– Шетелге екі-үш айға барып, үйреніп келуге болады, әрине. Бұл өзіңнің кәсіби тұрғыдан өсуің үшін өте қажет. Бірақ өзге елде тұрақтап қалуды ешқашан ойлап көрмеппін.

– Болашақ жарыңның әнші болғанын қалайсың ба?


– Жоқ, қаламаймын. Бір үйге бір әнші жетпей ме?

– Әлемдік опера жұлдыздарының ішінен сенің жаныңа жақыны қайсы?


– Әрине, Паваротти.

Музыкамен шұғылдануға мәжбүрлеген – анам


– Тимур, өзіңіз туралы қысқаша әңгімелеп беріңізші?


– Мен Батыс Қазақстан облысы-ның орталығы Орал қаласында туып-өстім. Оралдағы музыка колледжін, кейіннен 1991 жылы Алматыдағы консерваторияны бітірдім. Ал 1993 жылы аспирантураны тәмамдадым. Қазір астаналықпын. Астанадағы өнер университетінде дәріс беремін.

– Сізде де музыкаға деген әуестік бала кезден пайда болған болар?

– Мені музыкамен шұғылдануға мәжбүрлеген – анам. Күніне кем дегенде екі сағат күйсандықтың алдында отыратынмын. Ал әкем жуас
адам болды. «Музыкамен айна-лысқысы келмей ме, онда қинама» деп айтатын анама. Бірақ анам еш-қашан өз айтқанынан қайтпайтын адам еді.

– Саусақтарыңызды қалай күтесіз?

– Иә, пианистің негізгі құра-лы – оның саусақтары екені сөзсіз. Сондықтан да біздің қолымыз ерекше күтімді қажет етеді. Көбіне ауыр зат көтермеуге, қолдарыма салмақ түсірмеуге тырысамын.

– Мінезіңіз жібектей секілді. Қателескен жоқпын ба?


– Бір қарағанда ғана солай көрінеді. Бірақ негізінде қызуқандымын. Өйткені, қызуқанды болмасаң, тыңдарманның жүрегіне шоқ тастай алмайсыз. Тыңдарманды елітіп, еліктіріп әкету керек. Музыкадан сенің мінезің мен болмысың да көрініс тауып жатуы тиіс.

– Бос уақытыңызда қалай демаласыз?


– Табиғатты тамашалап, серуендегенді жаным сүйеді. Бұрын жүзумен айналысатынмын. Қазір иогаға ден қойып жүрмін.

– Балаларыңыз сіздің жолыңызды қуып, музыкант боламын десе, қарсы болмайсыз ба?


– Егер тұла бойы тұнған талант болса, неге қарсы боламын. Бірақ ұлым әлі кішкентай. Небәрі екі-ақ жаста.

Сұхбаттасқан - Мейрамтай Иманғали




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив