KZ
Өскемен
+12°
переменная облачность жел 1 м/с, С
478.93 534.96 5.16

Облыстағы жалақы қарызы – 103 миллион теңге

20.04.2012, 18:00 166


Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Әбденовтың төрағалық етуімен мерзімінде өтелмеген жалақы қарызын жою жөніндегі жұмыс комиссиясының селекторлық режимдегі мәжілісі болып өтті.

Жиында облыстық бақылау және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің бастығы Бақытбек Қизатов еңбекақы берешегі бойынша қазіргі жағдай туралы баяндама жасады. Ол жалақы қарызы бар кәсіпорындар, оның көлемі туралы нақты мәліметтер берді. Өңірдегі еңбекақы берешегінің басым бөлігі «Шығыс сусындары», «ВостокПроммонтаж», «Капитал» құс фабрикасы, «ВостокРостКомплект» сияқты бірқатар кәсіпорындардың еншісінде. Жалпы облыстағы жалақы қарызы 103 миллион теңгені құрап отыр.

Зырян ауданында орналасқан «ВостокПроммонтаж» ЖШС-нің 400 миллион теңге шамасында кредиторлық берешегі бар, оның ішінде 24 миллиондай теңге – жалақы қарызы. Аудан әкімі Ермак Сәлімов аталмыш берешекті сот арқылы жойып, серіктестікке жаңа қожайын табуды, осылайша өндіріс орнын жандандыруды жөн көріп отыр. Ол үшін ең алдымен кәсіпорынды банкрот деп жариялау қажет, бұл бастаманы облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік Әбденов те қуаттап, іске тездетіп кірісуді тапсырды. Бүгінде «ВостокПроммонтажда» елу шақты ғана адам жұмыс істеуде.

Семейдегі «Семей Авиа» әуе компаниясының да жалақы бойынша берешегі бар. Олар өз жұмысшыларына еңбекақыны екі айға кешіктіріп отыр. Нақты қарызы 14 миллион теңгені құрауда. «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Нұрлан Сыдықовтың айтуынша, олар қазір компанияны экономикалық тұрғыда сауықтырудың бірнеше жобасын әзірлеп, қарыздарды төлеу бағытында жұмыс жасап жатыр.

«Капитал» құс фабрикасының жалақы бойынша 125 миллион теңге, ал «ВостокРостКомплект» ЖШС-нің 25,6 миллион теңге көлеміндегі қарыздары өтелмеген. Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі комитетке қарасты өңірлік департамент бастығының міндетін атқарушы Елена Ногайцева бұл екі кәсіпорынның да сот бойынша банкрот болып танылғанын айтады. Қазір олардың мүлкін сату бойынша жұмыс жүргізілуде. Саудадан түскен қаражат еңбекақы қарызын жабуға жұмсалмақ.

Өкінішке қарай, облыста жалақы бойынша берешектің көлемі өсе түскен. Оны жою жұмыстарының қарқыны да соңғы кездері біраз саябырсып барады. Әсіресе, Өскемен, Семей қалалары мен Зырян, Глубокое аудандарында түйткілді мәселелер бар.

Мәлімет көзі Altaynews




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив