KZ
Өскемен
+1°
ясно жел 1,2 м/с, ОШ
479.23 534.96 5.16

Енді металл гараждар проблемасы шығып тұр

2.04.2012, 18:00 243



Семейдің сол жағалауындағы 410 квартал тұрғындары былтыр саршұнақ аяз кезінде жылулары мардымсыз болып, зардап шеккен еді. Биыл бұл проблема шешілгенмен тағы да бір мәселе қылаң беріп тұр. Ол - аулаларда қалай болса солай қойылған іркес-тіркес гараждар проблемасы.

Бұл квартал Жаңақұрылыс ауданында орналасқан. Балалар ойнайтын алаңқайларға әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ кезде гараждар мен сауда дүңгіршектері бей-берекет «орналасып» алған. Қаланың бас жоспары бекітілгеніне аз ғана уақыт өтті. Енді барлық құрылыс нысандары осыған орай дамымақ. Семейді көріктендіре түсу үшін, әрбір көше, кент, аумақты қалай дамыту керек, міне осыған орай арнайы конкурс та жарияланды. Сәулет және қала құрылысы бөлімі 2002 жылға дейін металл гараждарға рұхсат беріп келгенімен, олардың қала келбетіне нұқсан келтіретіндігін байқап, кейіннен тиым салған болатын. Дегенмен біреуден біреу көріп дегендей бүгінде Семейді металл гараждардан тазарту мүмкін болмай тұр.

Мәселен, қаланың оң жағалауындағы Ж. Аймауытов көшесінде мемлекеттік бағдарлама бойынша жаңа көппәтерлі үйдің құрылысы қолға алынды. Десек те көше бойы, әрбір қалтарыста иін-тіркес металл гараждар қаптап тұр. Мемлекеттік меншікке жататын жерлерді рұхсатсыз иеленгендер жетіп артылады. Оншақты гараждар аулаға толып алып, айналасына қоқыс салатын жәшіктер орналастырылған, ойнайтын бала да осында, қаңғыған ит пен мысық та қасында. Жаңа үйді салып жатқан құрылысшылар инженерлік коммуникациялық жұмыстарды қолға ала алмай бастарын қатыруда. Сәуір айының басына дейін гараждарды алыңдар деп хабарлағанмен селт еткен адам жоқ.

-Бұл біздің құрылыс жұмысына едәуір кедергі тудырып отыр,-дейді құрылыс алаңының басшысы Николай Казаченко,-тағы да бірнеше күн күтеміз, болмаса арнайы техника әкеліп, гараждарды алып тастауымызға тура келеді.
Семейдегі құрылыс бөлімі жер инспекциясына Аймауытов көшесі бойынан 31 гаражды алып тастауды сұрап, хат жазған. Қаланың бас жер инспекторының айтуынша, жерді өз беттерінше иеленген гараж қожайындары 100 АЕК немесе 80 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін айыппұл төлемек. Бұл жерлер гараждардан тазартылған соң, шамамен 100 мың шаршы метр жерге асфальт төселіп, құбырлар жүйесі жүргізілмек.
Қала құрылысы және сәулет бөлімінің мамандары қаланың әр бөлігінен келіп түсетін тұрғындардың өтінішіне орай облыстық жер инспекциясы басқармасына хат жолдағанмен, тек бірнеше гараждарды алып тастауға ғана қол жеткізілген. Өйткені гараж иелерін іздеп тауып, жауапқа тарту да қиын іс екен.

Мәлімет көзі Altaynews




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив