KZ
Өскемен
+3°
переменная облачность Штиль
481.19 538.45 5.18

Жылына 1000 тонна құбыр өндіреді

24.03.2012, 18:00 256


Индустрияландыру картасы бағдарламасы бойынша Өскеменнің маңындағы Сағыр ауылының жанынан салынып, іске қосылған Өскемен полиэтилен құбырлары зауытының қуаты жылына мың тонна полиэтилен құбырларын шығаруға жетеді екен.
– 2010 – жылдан бастап жұмыс істеп жатырмыз. Алғашқы өндірістік тапсырысты өзіміздегі «Казцинк», «Қазақмыс» кәсіпорындарынан алған болатынбыз. Қазіргі күні тапсырыс берушілердің қатары одан әрі ұлғайып, құбырларды өз облысымызбен қоса Көкшетау, Атырау өңірлеріне де жөнелтудеміз, – деп бастады әңгімесін бізді зауыттың құрал –жабдықтарымен, құбырлар шығаруға қажетті шикізат түрлерімен таныстырып жүрген бас инженер Николай Иванов.– Мынау тұрған автоматты өндірістік желілерді түгелдей шетелден сатып алдық. Өнімдер канадалық технология бойынша шығарылады. Шығарылып жатқан құбырлар компьютерлік есептеу, бақылау арқылы асқан дәлдікпен өлшеніп, кесіліп отырылады. Сондықтан артық кету немесе қалың–жұқа деген болмайды.
Зауыттың бас инженері шығарылып жатқан бірнеше метрлік қап –қара құбырлардың қара түсті болуының да өзіндік құпиясы бар екенін айтып жатыр. Қара түс күн көзін жібермейді, каррозияға көп ұшырамайды. Жерге төселетін құбырлардың пайдаланылу мерзімін ұзарта түсуге тигізетін септігі мол. Полиэтилен құбырлардың қызмет көрсету мерзімі темір құбырларға қарағанда отыз –қырық жылға артық. Темір он жылдан соң тот басып, қаңсып, шіріп кететін болса, полиэтилен құбырларды елу жылға дейін ауыстырмай пайдалануға болады.Өзіндік құны да, соған орай бағасы да біршама арзан.
Өткен жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту» қорының «Бизнестің жол картасы – 2020 » бағдарламасы бойынша банкіден құрал–жабдықтарды сатып алу үшін алған елу миллион теңге несиеге мемлекет тарапынан субсидия беріліп, қазір несиенің жылдық он төрт пайыздық өсімінің жеті пайызы субсидияланып отыр. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған осындай қаржылай қолдаудың нәтижесінде кәсіпорынның қомақты қаржысы өз қалтасында қалып, айналым қорының артуының нәтижесінде енді ол қаржыға диаметрі бес жүзге дейін жететін жаңа құбырлар түрін шығарып отыр.
«Өскемен полиэтилен құбырлары зауыты» ЖШС су құбырларын ғана емес, биылдан бастап газ, жылу құбырларын да шығаруды жоспарлап отыр. Ол үшін мұнда қажетті құрал –жабдық, білікті маман да бар. Риддер, Өскемен ЖЭО–мен келісімдер жасасып, тұтынушылар қатарының көп болмаса, аз болмайтынын әлден–ақ бағамдап қойған.
Мәлімет көзі Altaynews






Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив