KZ
Өскемен
+3°
переменная облачность Штиль
481.19 538.45 5.18

Полиэтилен құбырлары өзімізде өндіріледі

27.03.2012, 18:00 241


Статистикалық деректер елімізге шеттен келетін импорттық түсімнің тауарлық құрылымында өндірістік және өндірістік-техникалық бағыттағы өнімдер – құрал–жабдықтар мен минералдық, химия өнімдерінің үлесі жыл сайын екі есеге артып отырғанын көрсетуде. Коммуналдық шаруашылықта, қарапайым тұрмыста да үлкен сұраныс тудырып отырған сол өнімдердің бірі – полиэтилен құбырлары екі жылдан бері өзіміздің облыста өндіріліп жатыр.

Өскеменнің маңындағы Сағыр ауылының жанынан салынған жаңа зауыттың өндірісінде болып, өңірдегі бірегей өнеркәсіпте шығарылып жатқан өнім түрлерімен жақынырақ танысудың сәті түскен.
«Индустрияландыру картасы» бағдарламасы бойынша салынып, іске қосылған Өскемен полиэтилен құбырлары зауытының қуаты жылына мың тонна полиэтилен құбырларын шығаруға жетеді екен.
– 2010 жылдан бастап жұмыс істеп жатырмыз. Алғашқы өндірістік тапсырысты өзіміздегі «Қазцинк», «Қазақмыс» кәсіпорындарынан алған болатынбыз. Қазіргі күні тапсырыс берушілердің қатары одан әрі ұлғайып, құбырларды өз облысымызбен қоса Көкшетау, Атырау өңірлеріне де жөнелтудеміз, – деп бастады әңгімесін бізді зауыттың құрал-жабдықтарымен, құбырлар шығаруға қажетті шикізат түрлерімен таныстырып жүрген бас инженер Николай Иванов. – Мынау тұрған автоматты өндірістік желілерді түгелдей шетелден сатып алдық. Өнімдер канадалық технология бойынша шығарылады. Шығарылып жатқан құбырлар компьютерлік есептеу, бақылау арқылы асқан дәлдікпен өлшеніп, кесіліп отырылады. Сондықтан артық кету немесе қалың - жұқа деген болмайды.
Зауыттың бас инженері шығарылып жатқан бірнеше метрлік құбырлардың қара түсті болуының да өзіндік құпиясы бар екенін айтып жатыр. Қара түс күн көзін жібермейді, коррозияға көп ұшырамайды. Жерге төселетін құбырлардың пайдаланылу мерзімін ұзарта түсуге тигізетін септігі мол. Полиэтилен құбырлардың қызмет көрсету мерзімі темір құбырларға қарағанда отыз-қырық жылға артық. Темір он жылдан соң тот басып, қаңсып, шіріп кететін болса, полиэтилен құбырларды елу жылға дейін ауыстырмай пайдалануға болады. Өзіндік құны да, соған орай бағасы да біршама арзан.
Иә, темір құбырдан өзгесін көрмей келген көптеген қазақстандық тұтынушылар бүгінде полиэтилен құбырлардың пайдасын енді ғана біліп, бағалап жатыр. Өскеменнің құбырларын сатып алып жатқан өзіміздің кәсіпорындар да зауыттың сапалы, қолайлы өнімдеріне мақтаудан басқа сөз айтпапты. Сапалы өнімдерді сатып алуға Таулы Алтай өлкесінің де кәсіпорындары қызығушылық танытқан көрінеді. Зауыт іске қосылғаннан бері мұнда жиырма диаметрден бастап, одан да жоғары әртүрлі диаметрлі көлемдегі бірнеше су құбырлары шығарылып келеді.
Өткен жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту» қорының «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша банктен құрал-жабдықтарды сатып алу үшін алған елу миллион теңге несиеге мемлекет тарапынан субсидия беріліп, қазір несиенің жылдық он төрт пайыздық өсімінің жеті пайызы субсидияланып отыр. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған осындай қаржылай қолдаудың нәтижесінде кәсіпорынның қомақты қаржысы өз қалтасында қалып, айналым қорының артуының нәтижесінде енді ол қаржыға диаметрі бес жүзге дейін жететін жаңа құбырлар түрін шығарып отыр.
«Өскемен полиэтилен құбырлары зауыты» ЖШС су құбырларын ғана емес, биылдан бастап газ, жылу құбырларын да шығаруды жоспарлап отыр. Ол үшін мұнда қажетті құрал-жабдық, білікті маман да бар. Риддер, Өскемен ЖЭО-мен келісімдер жасасып, тұтынушылар қатарының аз болмайтынын әлден-ақ бағамдап қойған.
Нарыққа енді ғана енсе де зауыттың өнімдері өз тұтынушыларын сапасымен тәнті етуде. Өткен жылы кәсіпорын құбырларының «Қазақстанның үздік тауары – 2011» атты аймақтық көрме-конкурста «Өндірістік бағыттағы үздік тауарлар» аталымының жеңімпазы атануы да – осының айғағы.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив