KZ
Өскемен
+8°
переменная облачность Штиль
478.93 534.96 5.16

Азық-түлік бағасы ауытқи бере ме?

18.03.2012, 18:00 209


Облыстық ардагерлер кеңесі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер жөніндегі комиссия хатшысы Нұрғабыл Хайруллиннің жетекшілік етуімен ардагерлер мен «Дидар», «Рудный Алтай» газеттерінің журналистері Өскемен қаласындағы «Жәрдем», «Орталық» базарларында, «Колос», «Даниел» супермаркеттерінде болып, азық-түлік өнімдерінің бағаларымен танысты.

Алдымен облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері Алексей Федоровпен, Сайлаухан Аухадиевпен бірге орталық базарға келіп, бақылаушы-санитарлық дәрігер Надежда Гатиеваның бастауымен осында сатылып жатқан азық-түлік бағаларын көріп шықтық. Мұнда қанттың бір келісіне 180, қырыққабаттың бір келісіне 60 теңгеден баға қойылыпты. Бұл белгіленген бағадан артық болып шықты.
Соңғы кездері қала тұрғындары әсіресе, «Жәрдем» муниципалды-инновациялық базарындағы азық-түлік өнімдерінің ауытқып тұратын бағаларына ренішті екендерін де жасырмайды. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ, облыстық ардагерлер кеңесі, облыстық қоғамдық кеңесі тарапынан да осы базардағы сауда-саттық мәселесін дұрыс жолға салу жөнінде сын-ескертулер айтылған болатын. Ет өнімдерінен бастап, кейбір тауарлар бағаларының тұрақтылығы сақталмайтыны, соның ішінде бағалары муниципалды базар мәртебесіне сай келмейтіні, алыпсатарлардың тым еркінсіп кеткен әрекеті туралы айтылып та жатыр.
Осыған орай, ең алдымен бақылауға алынған күнделікті қажеттіліктегі 28 түрлі азық-түлік бағасының белгіленген тізімі мен сөрелердегі тауарлардың бағаларын салыстырмалы түрде көріп шықтық. «Әлеуметтік бөлім» деп аталатын сауда нүктелеріндегі бір келі бірінші сұрыпты ұнның бағасы 46, екінші сұрыптысы 40 теңгеден, қара бидай ұны 70 теңгеден сатылуда. Сондай-ақ, «Янтарь», «Заречное», «Алтай» өсімдік майларының бір литрлік бағалары тұтынушыларға 230-дан 250 теңге мөлшерінде ұсынылуда. Ал мұндағы тұздың бір келісі 35, қанттікі 150 теңгеден қолжетімді бағалармен сатылуда. Күріштің бағалары да сапасына қарай әртүрлі екен.
Осы базарда «Восток-Сүт» және «Багратион» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өз өнімдерін базар нарқынан төмен бағаларда саудаға шығарған. Мәселен, майлылығы 2,5 пайыздық бір литр сүттің бағасы бойынша «Багратиондікі» 145, «Восток-Сүттікі» 165 теңгеден сатылуда.
Біздің облыста көкөніс өсіріп жатқан жылыжайлар баршылық. Ал бұл базарда жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері неге жоқ? Бұлай дейтініміз, тұтынушыларға ұсынылған көкөніс өнімдері Қытайдан әкелінген. Осы арада «Жәрдемде» шетелден жеткізілген көкөністер неге сатылып жатыр деген ой туады.
Базар директоры Марат Ақтаевтың айтуынша, көкөніс-жеміс сатылатын сауда нүктелерін азайтып, ет, сүт, бал сатылатын орындарды көбейтпекші. Қазіргі уақытта «Дастархан ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен азық-түлік өнімдерін делдалсыз тікелей осы базарда сату жөнінде келісімшартқа қол жеткізген. Сондай-ақ, Шемонайха ауданындағы «Исток-1» ЖШС де осы базарда өз сауда нүктесін ашуға кірісіпті. Семей ет комбинатымен келісім жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта «Айтас» ЖШС-мен сауда байланысын орнатуды да жоспарлап отыр.
Марат Ақтаев базардан тегін орын бөліп, өз өнімдерін саудалауларына жағдай жасалатындығын басқа да шаруа қожалықтарының басшыларына айтып жүргенімен, олар бұл іске кірісіп кете алмай отыр. Мұның себебін ет сату бөлімінің сатушылары айтып берді.
– Басқа базарлардағы әріптестермен баға тұрақтанбай тұрғанда бәсекелестік жағдайда жұмыс істеу мүмкін емес. Еттің бағасын алып қаралық, – дейді Ұлан ауданы «Айтқазин» шаруа қожалығының сатушысы Тамара, – бізде мүшеленген еттің бағасы бірдей. Ал басқа базарларда жұмсақ ет пен еті аз сүйектердің бағасы әртүрлі. Олар сүйектің бір келісін 850 теңгеден, жұмсақ еттің бөлігін 1700-1800 теңгеден сатады.
Базар директоры таяу арада Беларусь елінен тоңазытылған ет жеткізілетінін, оны екі сауда нүктесінде сатуды, бір келісін 1000 теңгеден асырмайтынын, сапасы жақсы екенін де атап өтті.
Енді облыстық ардагерлер кеңесі осындай мониторингті айына екі рет өткізіп отырады.
– Облыс орталығындағы дүкендер мен базарлардағы бағаның өзгеру жағдайын біліп отыруға осының өзі жеткілікті, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Геннадий Бердюгин.
Облыс Әкімінің келісімімен Өскемендегі ірі сауда орындарында өткізілген рейд қорытындысында жинақталған мәліметтер бойынша «Колос» супермаркетінде, сондай-ақ кейбір тауар түрлері бойынша «Орталық» базарда бағалардың өсіп бара жатқаны байқалады. Мәселен, қанттың бір келісі «Колоста – 176, қырыққабаттың бір келісі «Даниелде» – 53, «Колоста» 52 теңгеден сатылып жатыр. Рейд кезінде Өскеменде бірқатар азық-түлік өнімдерінің бағасы өсіп, шарықтап тұрғанын аңғардық.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив