KZ
Өскемен
+23°
небольшая облачность жел 5 м/с, ОШ
441.66 475.14 4.86

Күйеуінен жалғыз-ақ ауыз сөз күтті

13.03.2012, 18:00 241


Бүгін Дариғаны кішкентайдан бірге өскен жан құрбысы үйіне қонаққа шақырды. Бұрын күйеуімен бірге тұрғанда шақырған жерден қалмауға тырысушы еді. Қазір Дариғаның еш жерге барғысы да келмейді. «Соқа басым сорайып несіне барамын» деп ойлайды іштей. Бір жерге барса, әлдебіреулер «күйеуі жоқ, жесір келіншек» деп бұған саусағын шошайтып күлетін секілді ме, қалай. Бетіне айтпаса да, сыртынан солай дейтінін Дариға сезбейді емес, сезеді. Қай-сыбір келіншектердің құдды бір күйеулерін Дариға тартып алатындай, қызғанатынын да біледі. Ондай жерде жесір келіншектің күлге-
ні де, жүргені де сын. Тіпті өсек терген әйелдер киген киіміңнің өзін қалт жібермей, мұқият бақылап отырады. Қазір Дариға үшін жиын-тойға жалғыз барғаннан өткен азап жоқ. Қиналып, шаршап қайтады. Жігері құм болып, жасып қалады. Одан да үйде отырғаны жақсы. Шіркін-ай, күйеуі жанында болғанда мұндай қорлықты көрмес еді-ау. Кез келген әйел адам өзінің қасында ері болғанда ғана әдемі көрінеді екен ғой. Соңғы кездері Дариғаның көзі осыған анық жетті. Қанша жерден боянып, сыланып, үлде мен бүлдеге оранғаныңмен күйеуі жоқ әйел бәрібір әрсіз. Сырт көзді алдағаныңмен, өзіңді ешқашан алдай алмайсың. Жақыныңа еркелеп, жаныңнан жылылық есіп тұрмағаннан кейін, жылтыраған қуыршақтан еш айырмаң да болмайды екен. Мынау өмірде құдай қосқан қосағыңмен қоса ағарғанға не жетсін!
Бұл күнде Дариға көшеде қосақталып бірге жүрген ерлі-зайыптыларға қызыға қарайды. Қандай жарасымды! Сондай сәттерде өзінің күйеуін ойлап кетеді еріксіз. Бірін-бірі сүйіп еді ғой. Оған барынша жақсы жар болуға тырысып-ақ баққан болатын. Қабағын бағып, айтқанын екі етпейтін еді оның. Бірақ азаматым деп арқа сүйеп жүрген адамы қырықтың қырқасына шыққанда аяқ астынан бұзылды. Жас қызға ғашық болып, желікті. «Сүйіп қалдым» дейді. Еркек үйден кетемін десе, әйелдің қолынан не келеді. Ұстамады оны. Қанша қиналса да жіберді сүйгеніне... Бірақ жалғыздық деген қиын екен. Жанын жегідей жеп барады. Үйде отырса таңы атпайды, күні батпайды. Бір жерге барайын десе, тағы да суық сөзден қорқады...
...Кешкісін қонаққа жиналып жатқанында есіктің қоңырауы соғылды. Дариға өз көзіне өзі сенбеді. Қарсы алдында күйеуі тұр. Сол сәт мойнына асылғысы келді оның. Сағынғанын айтып жылағысы келді. Бірақ... Дариға өзін-өзі ұстады. Бір кездері өзін жылатып, тағдыр талқысына тастап кеткен күйеуінен жалғыз-ақ ауыз сөз күтті. Ол «кешір» деген сөз еді...




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив